Қазақстанда күнбағыс үшін бәсеке күшейіп келеді. Соңғы бес жылда май зауыттары фермерлерді қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаражат бағыттағанымен, егіс алқаптарының ұлғаюына қарамастан, өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығына тап болуы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Астанада өткен KazOil 2026 халықаралық конференциясында Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (НАПМК) стратегиялық даму жөніндегі атқарушы директоры Андрей Антонов мәлімдеді.
Май зауыттары қуатының жартысын ғана пайдалануы мүмкін
Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,4 млн тоннаға жетті. Оның 4,6 млн тоннасы күнбағыс өңдеуге арналған.
2026–2028 жылдары елімізде жалпы қуаты 3,6 млн тонна болатын жаңа өндіріс орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Оның 3 млн тоннасы күнбағыс өңдеуге бағытталған.
Қауымдастықтың болжамынша, 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс өңдеу қуаты жылына 7 млн тоннадан асады. Алайда ел ішінде күнбағыс өндірісі артқан күннің өзінде, басқа майлы дақылдарды есептемегенде, кәсіпорындардың жүктемесі шамамен 50% деңгейінде қалуы мүмкін.
Шикізатқа сұраныс пен жиналатын өнім көлемі арасындағы алшақтық Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында айқын байқалмақ. Бұл өңірлердегі күнбағыс өңдеу қуаты болжамды жалпы өнім көлемінен 1,4 есе асып түседі.
«Солтүстік өңірде жаңа өңдеу қуаттарының іске қосылуы шикізат үшін бәсекені күшейтіп, сатып алу көлемін арттырады. Бұл өз кезегінде егіс алқаптарын кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді», — деді Андрей Антонов.
Қазақстанда күнбағыстың сатып алу бағасы жоғары
Шикізат тапшылығы сатып алу бағасына қазірдің өзінде әсер етіп отыр. Қауымдастық дерегінше, күнбағыстың бір тоннасын зауытқа жеткізу құны ҚҚС-ты қоса есептегенде:
- Қазақстанда — 170–195 мың теңге;
- Украинада — 140–155 мың теңге;
- Ресейде — 115–143 мың теңге.
Қазақстандағы сатып алу бағасының жоғары болуына шикізат тапшылығымен қатар өсімдік майы мен шротты экспорттауда логистикалық кедергілердің болмауы ықпал етіп отыр.
Өңдеушілер арасындағы бәсеке фермерлерге өнімін тиімді бағамен өткізуге жол ашады. Ал зауыттар үшін шикізат қорын алдын ала қамтамасыз етудің маңызы артып келеді.
Сондықтан өңдеу кәсіпорындары шаруаларға егін жиналмай тұрып қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.
Фермерлерге 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
2022–2026 жылдары май зауыттарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берген тікелей форвардтық қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгеден асты.
Бұл қаражат шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, қажетті ресурстарды сатып алуға және өндірісті кеңейтуге көмектеседі. Ал өңдеушілер болашақта қажет болатын шикізат қорын қалыптастырады.
Соңғы бес жылда Қазақстандағы күнбағыс егістігінің көлемі 130%-ға өсіп, 2026 жылы 2,2 млн гектарға жетті.
Қауымдастықтың бағалауынша, ауыспалы егіс құрылымындағы күнбағыстың үлесін шамамен 17% деңгейінде ұстай отырып, оның егіс алқабын 4 млн гектарға дейін жеткізуге болады.
Ал тыңайтқыштарды қолдану және қарқынды егіншілік тәсілдеріне көшу арқылы күнбағыстың ауыспалы егістегі үлесін 22–25%-ға дейін арттырған жағдайда, егіс көлемі 6 млн гектарға жетуі мүмкін.
Қазақстан әлемдік экспорт көшбасшыларының үштігіне енуді көздейді
Өндірісті кеңейтуге сыртқы нарықтағы жоғары сұраныс та ықпал етіп отыр.
Қазақстандық өнім бәсекеге қабілетті нарықтарда өсімдік майы, шрот пен күнжара импортының жиынтық көлемі 47 млн тоннадан асады. Алайда бұл нарықтардағы Қазақстанның үлесі 5%-ға да жетпейді.
2025/26 маркетингтік жылында еліміздің аталған өнімдер экспорты 37%-ға өсіп, 1,82 млн тоннаға жетті. Экспорттан түскен табыс 1,23 млрд долларды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан әлемде алтыншы орынға шықты.
Сонымен қатар елде өсімдік майын терең өңдеу өндірісі дамып келеді. 2028 жылға қарай өсімдік майын тазарту (рафинациялау) қуаты 481 мың тоннадан 1 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп жоспарланған.
Саланың даму жол картасына сәйкес, қауымдастық 2028 жылға қарай май өнімдерінің экспортынан түсетін валюталық кірісті 1,5 млрд долларға, ал келешекте 2 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанның әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына қосылуы да мақсат етілген.
Алайда бұл межеге жету үшін жаңа зауыттар салу жеткіліксіз. Өңдеу қуатының шамамен 50%-ы ғана пайдаланылуы мүмкін деген болжамды ескерсек, саланың одан әрі дамуы фермерлердің қанша өнім өндіре алатынына тікелей байланысты.
Бұған дейін біз Қазақстанда май өндірісі артып келе жатқанына қарамастан, зауыттардың неліктен толық қуатында жұмыс істей алмай отырғаны туралы жазған едік.