Карина Ибрагимова Олимпиада жүлдегерін нокдаунға түсірді

1001
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: olympic.kz

Карина Ибрагимова Қазақстанға медаль алуды қамтамасыз етті. Қазақстандық боксшы Париж Олимпиадасының қола жүлдегерін жеңіп, Ташкентте өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының қорытынды кезеңінде жартылай финалға шықты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

Нокдаун және 5:0 есебімен жеңіс

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Ибрагимова Қытай Тайбэйінің өкілі У Ши Имен кездесті. Қарсыласы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған.

Қазақстандық боксшы алғашқы раундтан-ақ басымдық танытып, жекпе-жек тізгінін өз қолына алды. Үшінші раундта Ибрагимова қарсыласын нокдаунға түсірді.

Бес төреші де жеңісті Қазақстан өкіліне берді. Қорытынды есеп – 5:0.

Ибрагимова алтын медаль үшін күресін жалғастырады

Олимпиада жүлдегерін жеңген Карина Ибрагимова Әлем кубогының кемінде қола медалін иеленетін болды. Енді жерлесіміз жартылай финалда жеңіске жетсе, турнирдің бас жүлдесі үшін таласады.

Ал 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Даниял Сабит жарысты аяқтады.

Бұған дейін біз Ташкенттегі Әлем кубогы қарсаңында Қазақстанның төрт боксшысы World Boxing әлемдік рейтингінде көш бастағаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -