Алматының танымал тұрғындары таңдау жасады. Олимпиада чемпионы, халық әртістері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қалалық мәслихаттың жаңа құрамынан не күтетіндерін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алматыда қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Таңертеңнен бастап мегаполистегі 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Ермахан Ибраимов сайлауға отбасымен келді
Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов сайлау учаскесіне отбасымен бірге келді. Спортшының айтуынша, сайлауға жақындарымен бірге қатысу бұрыннан отбасылық дәстүрге айналған.
Спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарының жүлдегері Дамир Тоқтаров Бостандық ауданындағы №63 мектепте орналасқан №230 сайлау учаскесінде дауыс берді. Спортшы болашақ депутаттар балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға көңіл бөлсе деген тілегін жеткізді.
«Мен үшін балалар мен жастардың спортпен айналысуына және өздеріне шын мәнінде ұнайтын спорт түрін табуына көбірек мүмкіндік болғаны маңызды. Депутаттар тұрғындардың пікіріне құлақ асып, осындай мәселелерге көңіл бөледі деп үміттенемін», — деді Дамир Тоқтаров.
Сондай-ақ сайлауға спортшы Бэлла Самашева мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Хусанджан Курбанов қатысты.
Халық әртістері жаңа депутаттардан не күтеді?
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Сәбила Абуева №298 сайлау учаскесінде дауыс берді. Актриса қалалық мәслихат қабылдайтын шешімдердің алматылықтардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететінін айтты.
«Мәслихатта алматылықтардың мүддесін кім қорғайтыны мен үшін маңызды. Депутаттар қабылдайтын шешімдер қаламыздың күнделікті өміріне әсер етеді. Сондықтан бүгін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым», — деді актриса.
Қазақстанның халық әртісі Мұрат Серкебаев та елдегі өзгерістерге қатысты пікірін білдірді.
«Балаларымыз бен немерелерімізге мүмкіндігі мол, қуатты Қазақстанды қалдырғымыз келеді. Ол үшін елімізде болып жатқан өзгерістерге бейжай қарауға болмайды. Бүгін мен де өз таңдауымды жасадым», — деді өнер иесі.
Қазақстанның халық әртісі, белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев Ақсай-3А шағынауданындағы №123 мектеп-гимназияда дауыс берді.
«Алматы — өміріммен және шығармашылығыммен тығыз байланысты қала. Сондықтан оның болашағы мен тұрғындарының әл-ауқаты мен үшін аса маңызды. Сайланған депутаттар халықтың сенімін ақтап, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенемін», — деді әнші.
Дауыс бергендердің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Тоғызақов, мәдениет қайраткері Амантай Берғалиев, театр және кино актері Оңдасын Бесікбасов, сондай-ақ «Парасат» орденінің иегері, актриса Қаракөз Тілеубекова бар.
Асылы Осман ел бірлігінің маңызына тоқталды
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген қоғам қайраткері Асылы Осман сайлаудың ел өміріндегі маңызы туралы пікір білдірді. Ол халықтың бірлігіне, өзара түсіністікке және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілікке ерекше назар аударды.
Ақын, ғалым, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Әділғазы Қайырбеков №624 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол елдің болашағы мен өскелең ұрпақтың амандығына қатысты тілегін жеткізді.
Алматы мәслихатының депутаттығына 168 кандидат үміткер
Мегаполистегі сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам азамат енгізілген. Сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өтіп жатыр.
Депутаттық мандатқа 168 кандидат таласуда:
- 109 кандидат төрт саяси партияның тізімі бойынша;
- 59 кандидат 21 бірмандатты сайлау округі бойынша ұсынылған.
Қалалық мәслихаттың жаңа құрамы Алматының бюджетін бекітуге, қаланы дамыту бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға қатысты шешімдер қабылдайды.
Мегаполисте барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, 73-і уақытша болу орындарында ашылған.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлауға қатысты қосымша ақпаратты 109 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады.
Бұған дейін Қазақстандағы жаңа мәслихат депутаттарының қандай мәселелерді шешетінін және сайлаудан кейін мәслихаттардың өкілеттігі қалай өзгеретінін жазған болатынбыз.
.jpeg)


