Қазақстан шахматтан әлем чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

560
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: KazChess

Қазақстандық шахматшылар төрт медаль жеңіп алды. Грузияның Батуми қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған жеті спортшының төртеуі жүлдегер атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жарыстың қорытынды хаттамасына сәйкес, Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді. 12 жасқа дейінгі қыздар арасында Милана Филиппова әлем чемпионы атанды.

Қазақстандық шахматшылар алтын мен күмісті иеленді

12 жасқа дейінгі қыздар арасында бәсеке ерекше тартысты өтті. Төрт шахматшы жеті мүмкін ұпайдың 4,5-ін жинап, жүлдегерлер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды.

Милана Филиппова чемпионат барысында Үндістанның екі өкілін жеңіп, алтын медаль иеленді. Ал Жансая Шолпанбек соңғы үш турда қатарынан жеңіске жетіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Осылайша, аталған жас санатында жеңіс тұғырының алғашқы екі сатысына Қазақстан өкілдері көтерілді.

Алиша Бисалиева әлем чемпионымен бірдей ұпай жинады

10 жасқа дейінгі қыздар арасында Алиша Бисалиева күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық шахматшы бес партияда жеңіске жетіп, бір ойында тең түсіп, бір рет жеңілді.

Жеті мүмкін ұпайдың 5,5-ін жинаған Бисалиева үндістандық Накшатра Гумудавеллиге тек қосымша көрсеткіштер бойынша жол берді.

Ризат Ұлан чемпионатта бірде-бір рет жеңілген жоқ

Қазақстан қоржынына төртінші медальді 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында өнер көрсеткен Ризат Ұлан салды.

Жас шахматшы үш партияда жеңіске жетіп, төрт ойында тең түсті. Бес ұпай жинаған отандасымыз қола жүлдегер атанды. Оны чемпиондық нәтижеден небәрі жарты ұпай бөліп тұрды.

Жеті қазақстандықтың алтауы үздік төрттікке енді

Әлем чемпионаты 22-28 қараша аралығында 8, 10 және 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында алты санат бойынша өтті. Әр санатта сегіз шахматшы әлем чемпионы атағына таласты.

Жарыс айналмалы жүйе бойынша жеті турдан тұрды. Әр партияға 90 минут беріліп, әр жүріс сайын қосымша 30 секунд қосылды.

Әлем чемпионатының ресми нәтижелеріне сәйкес, Рамазан Төлеген мен Аделина Нұрханқызы өз жас санаттарында төртінші орын алып, жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтады. Аслан Ендібаев жарысты жетінші орынмен аяқтады.

Қазақстан атынан қатысқан жеті шахматшының алтауы өз жас санаттары бойынша әлемнің үздік төрттігіне енді.

Бұған дейін біз Алматыда өткен 2025 жылғы әлем чемпионатындағы қазақстандық шахматшылардың жеңістері туралы жазған едік. Сол додада Алиша Бисалиева әлем чемпионы атанған болатын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -