Қазақстанда сайлаушыларға қосымша жағдай жасалды. Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына орай 12 қалада қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетіп, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ және мүгедектігі бар азаматтарға арнайы мүмкіндіктер қарастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, дауыс беру күні қосымша автобус бағыттары іске қосылып, цифрлық сервистер, инватакси қызметі, сурдоаудармашылар мен еріктілер жұмылдырылды.
DKNews.kz
Қазақстанның қай қалаларында қоғамдық көлік тегін?
Сайлау күні еліміздің 12 қаласында қоғамдық көлікпен тегін жүруге болады.
Астанада қалалық, қала маңындағы және экспресс автобустар, сондай-ақ LRT жолаушыларды тегін тасымалдайды. Алматыда автобустар, троллейбустар мен метро, Павлодарда автобустар мен трамвайлар тегін қызмет көрсетеді.
Осындай шешім Семей, Ақтау, Атырау, Түркістан, Риддер, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал және Талдықорған қалаларында да қабылданды.
Талдықорғанда шалғай шағынаудандардың тұрғындарын сайлау учаскелеріне жеткізу үшін қосымша тоғыз арнайы автобус рейсі ұйымдастырылды.
Сайлау учаскесін смартфон арқылы табуға болады
Қазақстандықтарға SMS-шақырулар, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы push-хабарламалар жіберілді. Электрондық сервистер арқылы азаматтар өз сайлау учаскесінің мекенжайын анықтап, сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады.
Ақтөбе облысының өзінде QR-коды бар 266 мыңнан астам шақыру жіберілген.
Орталық сайлау комиссиясының сайтында сайлауды ұйымдастыруға қатысты сұрақтарға жауап беретін Sailau AI жасанды интеллект көмекшісі жұмыс істейді. Өңірлерде арнайы байланыс орталықтары да қызмет көрсетеді.
Алматыда бір күндік тіркеу арқылы дауыс беруге болады
Алматыдағы 670 сайлау учаскесінің 41-інде бір күндік тіркеу сервисі қолжетімді.
Бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға арналған. Алайда мұндай мүмкіндік қаланың барлық сайлау учаскесінде қарастырылмаған.

Ел бойынша 1 300-ден астам инватакси жұмылдырылды
Мүгедектігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін арнайы көлік қызметі ұйымдастырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, инватакси көліктерінің ең көп саны мына өңірлерде қарастырылған:
- Алматы қаласы – 170;
- Атырау облысы – 145;
- Ақмола облысы – 141;
- Астана қаласы – 135;
- Қарағанды облысы – 126;
- Түркістан облысы – 114.
Астанада пилоттық жоба аясында сапарлардың бір бөлігі Yandex Go сервисі арқылы ұйымдастырылған. Алматы қаласы мен Қызылорда облысында қосымша кезекші көліктер дайындалды.
10 мыңға жуық сайлау учаскесі арнайы жабдықталған
Министрлік мәліметінше, еліміздегі 8 672 нысанда орналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалған.
Учаскелерде пандустар, тұтқалар, тактильді көрсеткіштер және арбамен жүретін азаматтарға арналған арнайы дауыс беру кабиналары қарастырылған.
Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру құралдары мен Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар дайындалды.
Белгілі бір сайлау учаскесінің қолжетімділігін inva.gov.kz порталындағы интерактивті карта арқылы тексеруге болады.
Ақтөбе облысында алты учаске бейнеүлкейткіштермен, дыбыстық және жарықтық ақпараттандыру құрылғыларымен қосымша жабдықталған. Қостанайдағы №1 мектеп-лицейде орналасқан №21 сайлау учаскесіне портативті бейнеүлкейткіш орнатылды.
Астанада 800 ерікті сайлаушыларға көмектесіп жүр
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға ымдау тілі мамандары мен сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді.
Қарағанды облысында 72 маман, Шымкентте 65, Астанада 57 маман жұмылдырылған.
Елордада тәулік бойы тегін онлайн сурдоаударма қызметі жұмыс істейді. Батыс Қазақстан облысында ымдау тіліндегі кеңесті бейнебайланыс арқылы алуға болады.
Астананың өзінде сайлау учаскелерінде 800 ерікті азаматтарға көмек көрсетіп жүр.
Перзентханада және үйде дауыс беруге мүмкіндік жасалды
Шығыс Қазақстан облысында перзентханада жатқан әйелдер медициналық мекемеден шықпай-ақ дауыс берді.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өз бетінше бара алмайтын азаматтар үшін де тұрғылықты жерінде немесе уақытша орналасқан мекенжайында дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.
Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін жазбаша өтініш беру қажет. Өтінішті уақытында тапсырған азаматтарға комиссияның екі мүшесі тасымалданатын дауыс беру жәшігімен барады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп әзірленген 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы аясында жүргізіліп жатыр.
Қазақстандағы сайлау учаскелерінің басым бөлігінде 29 қараша күні дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Бұған дейін біз Қазақстандағы жаңа мәслихаттар қандай мәселелерді шешетіні, депутаттардың өңірлік бюджеттерді бөлуге, коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға және қалалар мен аудандарды дамытуға ықпалы туралы жазған едік.



