Таңғы серуен құтқарушылардың көмегімен аяқталды. Алматы тауларына көтерілген әйел жер бедерін білмегендіктен, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған, деп хабарлайды DKNews.kz.
ТЖМ мәліметінше, 1976 жылы туған әйелге Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары көмек көрсетті.
Турист әйел Жапон жолы маңында адасып қалған
Оқиға Медеу ауданында, теңіз деңгейінен шамамен 1950 метр биіктікте болған.
Әйелмен байланыс үзілмегендіктен, оның нақты орналасқан жері анықталды. Құтқарушылар туристке қажетті көмек көрсетіп, таудан қауіпсіз түсуіне жәрдемдесті.
Әйел медициналық көмекке мұқтаж болмаған. Таудан түскен соң ол өз бетінше үйіне қайтты.
ТЖМ тау әуесқойларына ескерту жасады
Жарақат алмаған адамның өзі бейтаныс жерде бағытынан жаңылып, таудан өздігінен түсе алмай қалуы мүмкін.
Құтқарушылар тауға шықпас бұрын маршрутты мұқият зерттеуге, ауа райы болжамын тексеруге, ұялы телефонды толық қуаттауға және жақындарына сапар жоспары туралы хабарлауға кеңес береді.
Бұған дейін Алматыда туристерге сапар бағытын құтқарушыларға алдын ала хабарлауға мүмкіндік беретін Almaty Hike сервисінің іске қосылғаны туралы жазған едік.