Курчатовта Ұлттық ұлан сарбазына сайлау учаскесінде сыйлық табысталды

581
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Курчатовта сарбазды туған күнімен ерекше құттықтады. Қатардағы жауынгер Алдияр Абылқайыровтың туған күні мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауымен тұспа-тұс келіп, оған сайлау учаскесінде естелік сыйлық табысталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ұлттық ұланның мәліметінше, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3514 әскери бөлімінің жүзге жуық мерзімді әскери қызметшісі дауыс беруге қатысты.

Сайлау комиссиясы сарбазға құрмет көрсетті

Әскери қызметшілер қалалық Мәдениет үйінде орналасқан №150 сайлау учаскесінде дауыс берді. Олардың арасында Павлодар облысынан әскер қатарына шақырылған Алдияр Абылқайыров та болды.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сұлтанова сарбазды туған күнімен құттықтап, естелік сыйлық табыстады.

«Жергілікті тұрғындар сайлауды айтулы оқиға әрі нағыз мереке ретінде қабылдайды. Алдияр үшін бұл күн ерекше есте қалмақ, өйткені кезектен тыс сайлау оның туған күнімен тұспа-тұс келді», — деді Әлия Сұлтанова.

Оның айтуынша, комиссия белсенді азаматтық ұстаным танытып, елдің қоғамдық өміріне қатысқан жас сайлаушыны құттықтауды жөн көрген.

Әскери қызметшілер алты учаскеде дауыс береді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында алты сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлауға мерзімді әскери қызметшілермен қатар Ұлттық ұланның офицерлері мен сержанттары да қатысуда.

Бұған дейін Алматыда Ұлттық ұлан сарбаздарының алғаш рет мәслихат сайлауында дауыс бергені туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -