Қазақстандық боксшы әлем кубогының финалына шықты. Карина Ибрагимова Ташкентте өтіп жатқан турнирдің қорытынды кезеңінде қарсыласын жеңіп, кемінде күміс медаль иеленетін болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Ибрагимова Сербия боксшысын жеңді
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында қазақстандық спортшы Сербия атынан сынға түскен Наталья Шадринамен жұдырықтасты.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Ибрагимоваға берді.
Олимпиада жүлдегерін жеңіп, финалға жолдама алды
Ибрагимова ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Қытайлық Тайбэй өкілі У Ши Иді жеңген болатын.
World Boxing ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем кубогының қорытынды кезеңі Өзбекстан астанасында 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді.
Енді қазақстандық боксшыға алтын медаль еншілеу үшін бір ғана жеңіс қажет. Финалдық жекпе-жектер 3 желтоқсанға жоспарланған.
Бұған дейін біз Карина Ибрагимованың Ташкенттегі әлем кубогында Олимпиада жүлдегерін нокдаунға түсіргені туралы жазған едік.