Алматыдағы сайлау: танымал өнер иелері мен ақындардың көзқарасы

1015
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Алматының өнер және әдебиет өкілдері дауыс берді. Қалалық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысқан танымал тұлғалар халық қалаулылары қандай мәселелерге басымдық беруі керектігін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сайлау учаскелеріне келген әншілер, ақындар мен ғалымдар қаланың дамуы, мәдениетті қолдау, әлеуметтік мәселелерді шешу және жастардың болашағы туралы пікір білдірді.

Абай Бегей болашақ депутаттардың міндеттерін атады

Қазақстандық танымал әнші Абай Бегей №487 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өнер иесі жаңадан сайланатын депутаттардың қала тұрғындары алдындағы жауапкершілігіне назар аударды.

«Мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар халықтың талап-тілегіне құлақ асып, тұрғындарды толғандыратын мәселелердің шешілуіне ықпал етуі керек. Қала мен аудандарды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, мәдениет пен өнер саласын қолдау – жұмыстың маңызды бағыттары», — деді Абай Бегей.

Өнер өкілдері мәдениет саласына қолдау күтеді

Танымал әнші Тахмина Әшімбекова №42 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол болашақ депутаттар мәдениет мекемелерін дамытуға және шығармашылықпен айналысатын азаматтарға жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі деп үміттенетінін жеткізді.

«Мәслихат депутаттары қала тұрғындарының, соның ішінде өнер және мәдениет саласы өкілдерінің мәселелеріне назар аударып, олардың шешілуіне ықпал етуі маңызды. Өнердің дамуына қолдау көрсету, шығармашылық иелеріне мүмкіндік жасау, мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру – қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі. Депутаттар осы бағыттағы ұсыныстар мен бастамаларды назардан тыс қалдырмайды деп сенемін», — деді Тахмина Әшімбекова.

Айжан Нұрмағамбетова мен Бақыт Шадаева жастардың болашағы туралы айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Айжан Нұрмағамбетова сайлауға қатысуды келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікпен байланыстырды.

«Елінің болашағына бейжай қарамайтын әрбір қазақстандық сайлауға келіп, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі керек. Әр адамның таңдауы маңызды. Өйткені қабылданатын шешімдер балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына тікелей қатысты», — деді әнші.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шадаева №492 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Әр адам өз елінің болашағына алаңдап, оның өркендеуіне үлес қосуға ұмтылуы керек. Мен үшін ең бастысы – елімізде татулық пен бірліктің салтанат құруы, жастарға жаңа мүмкіндіктердің берілуі. Өйткені бүгінгі әрбір таңдауымыздың артында келешек ұрпақтың тағдыры тұр. Сондықтан ел өміріндегі осындай маңызды оқиғалардан шет қалмай, азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз керек», — деді Бақыт Шадаева.

Ал танымал әнші Асхат Тарғын №554 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

«Бәріміз бір елдің перзентіміз. Қай салада еңбек етсек те, қай жерде жүрсек те, туған жеріміздің болашағына бейжай қарамаймыз. Әсіресе балаларымыздың қандай қоғамда өмір сүретіні маңызды. Елдің дамуы үшін ең алдымен бірлік, татулық пен өзара құрмет қажет деп санаймын. Әр азаматтың дауысы, әр адамның таңдауы маңызды. Бүгін мен де дауыс бердім», — деді Асхат Тарғын.

Ақындар мәслихаттың қала өміріндегі рөліне тоқталды

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Қалибекұлы №137 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол мәслихаттың халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудағы рөліне назар аударды.

«Мәслихат – халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды өкілді орган. Сондықтан оның құрамына сайланған азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қала тұрғындарын сайлауға белсенді қатысуға шақырамын», — деді Ғалым Қалибекұлы.

Белгілі ақын әрі жазушы Қасымхан Бегманов №510 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

«Сайлауға қатысу – әр азаматтың өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдіруіне және туған жерінің болашағына үлес қосуына берілген мүмкіндік. Бүгін мен де өз таңдауымды жасадым. Баршаңызды сайлауға белсенді қатысып, дауыс беруге шақырамын», — деді Қасымхан Бегманов.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып №267 сайлау учаскесінде дауыс беріп, қала өміріне қатысты мәселелерді шешуде тұрғындардың азаматтық белсенділігі маңызды екенін айтты.

Алматыда сайлау учаскелері сағат нешеге дейін жұмыс істейді?

Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауында 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстандағы жаңа мәслихаттар қандай мәселелерді шешетіні және депутаттардың өңірлердің дамуына қалай ықпал ететіні туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -