Жастар мен аға буын өкілдері сайлауда азаматтық ұстанымын белсенді танытуда

588
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда түрлі буын өкілдері дауыс беріп жатыр. Жастар алғаш рет сайлау бюллетенін қолына алса, аға буын өкілдері мәслихат депутаттарын сайлауға қатысудыдан қалыптасқан дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Өңірлерден келіп түскен мәліметтерге сәйкес, сайлау учаскелерінде қолөнер жәрмеңкелері, көрмелер, музыкалық бағдарламалар ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар ұсынылуда.

102 жастағы кейуана үйінде дауыс берді

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 102 жастағы Тәжбен Исабекова өз таңдауын жасады. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуана үйінде сайлау бюллетенін толтырып, болашақ депутаттарға халыққа адал қызмет етуді тілеп, батасын берді.

«Ұрпағымыздың болашағы жарқын, бірлігіміз бекем болсын», — деді Тәжбен Исабекова.

Ал Алматыда сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып 90 жастағы Борис Пирог келді. Отставкадағы офицер Жетісу ауданында ұзақ жылдар бойы тұрып келеді және осы уақыт ішінде бірде-бір сайлаудан қалмаған. Учаскелік комиссия төрағасы қарияға құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыстады.

Қазақстандық жастар алғаш рет депутат сайлап жатыр

Батыс Қазақстан облысында Берік Тілеуов алғаш рет сайлауға қатысты. Ол Тасқала ауданының Мерей ауылдық округіндегі №343 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Маңғыстау облысының Рахат ауылындағы сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып Жаңаөзен қаласының 25 жастағы тұрғыны Тілеухан Ақжігіт келді. Ол волонтерлікпен айналысып, жергілікті жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуына көмектесіп жүр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берушілердің басым бөлігін студенттер құрады. Алғаш рет дауыс берген жастарға әл-Фарабидің «Музыка туралы кітабы» естелік сыйлық ретінде ұсынылды.

Сайлау учаскелеріндегі караоке, жәрмеңке және бауырсақ

Алматының Медеу ауданында сайлау күні музыкалық бағдарламамен жалғасты. Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда «Сайлаушымен бірге ән айт» караокесі ұйымдастырылды. Жастар Алматы туралы әндер мен танымал хиттерді орындап, би биледі.

«Құрбыларымызбен дауыс беруге келген едік, мұнда ән айтуға да болады екен. Бізге Қайрат Нұртастың әндері ұнайды, билеуге де жақсы», — деді сайлаушы Гүлмаржан Айдосқызы.

Қалқаман-2 шағынауданында бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылса, Самал-2 шағынауданында қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда шеберлердің авторлық ойыншықтары, тоқыма бұйымдары мен қолдан жасалған әшекейлері қойылды.

Ақмола облысының Қосшы қаласында сайлаушыларға «Мен дауыс бердім» деген жазуы бар арнайы жақтаудың алдында естелік суретке түсу ұсынылды.

Ал Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылында «Бауырсақ Party» ұйымдастырылып, тұрғындарға ыстық бауырсақ пен ұлттық сусындар ұсынылды.

Аға буын өкілдері сайлау күні бата беріп, шашу шашты

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Мықыбаев дауыс берер алдында жиналған жұртқа бата беріп, елге бірлік, әр шаңыраққа береке тіледі.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында Мәншүк Шәріпова мен Гауһар Захарова алғашқылардың қатарында дауыс берді. Сайлау комиссиясының төрағасынан сыйлыққа кітап алған қариялар ақ батасын берді.

Ал Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде ақ жаулықты аналар жұртқа амандық пен береке тілеп, шашу шашты.

Әзірге өңірлерден келіп түскен ақпаратта жастар мен аға буын өкілдерінің сайлауға қатысу көрсеткіштері бойынша нақты статистика келтірілмеген. Сондықтан жекелеген оқиғалар негізінде әр жас санатындағы азаматтардың сайлау белсенділігіне толық баға беру мүмкін емес.

Бұған дейін біз Қазақстанда қанша депутат сайланатыны және жаңа мәслихаттар қандай мәселелерді шешетіні туралы жазған едік. Өңірлік жобаларды қаржыландыру, қалалар мен ауылдардың дамуы жаңа депутаттардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -