Әр дауыс маңызды: мәслихат депутаттарының сайлауы қалай өтті

861
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы аяқталды. Сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беріп үлгерген. Бірқатар облыста тұрғындардың сайлауға қатысу көрсеткіші Алматыдағыдан екі есе жоғары болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 16:00-де сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 53,86%-ға жеткен. 2026 жылғы 29 қарашада өткен кезектен тыс сайлауда қазақстандықтар алдағы бес жылда қалалар мен аудандардың дамуына қатысты шешім қабылдайтын 3447 депутатты сайлады.

Түркістан облысындағы көрсеткіш Алматыдан екі есе жоғары

Сайлау күнінің басты ерекшеліктерінің бірі – өңірлер мен ірі қалалардағы сайлаушылар белсенділігінің айтарлықтай айырмашылығы.

Сағат 10:00-де сайлаушылардың 12,31%-ы дауыс берсе, сағат 14:00-де бұл көрсеткіш 45,46%-ға жетті.

Сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша ең белсенді өңірлер:

  • Түркістан облысы – 69,84%;
  • Жетісу облысы – 68,03%;
  • Қызылорда облысы – 67,36%;
  • Ақтөбе облысы – 66,19%;
  • Абай облысы – 63,02%.

Ал мегаполистерде сайлаушылардың белсенділігі салыстырмалы түрде төмен болды. Шымкентте сайлаушылардың 40,23%-ы, Астанада 39,91%-ы, Алматыда 33,73%-ы дауыс берді.

Түркістан облысы мен Алматы арасындағы айырмашылық 36 пайыздық тармақтан асты. Бұл – дауыс берудің түпкілікті қорытындысы емес, аралық көрсеткіштер.

3447 депутаттық мандатқа 11 мыңға жуық кандидат таласты

Ел бойынша 228 мәслихаттың жаңа құрамы жасақталады. Орта есеппен бір депутаттық орынға үш кандидаттан үміткер болды.

Тіркелген 10 971 кандидаттың 9752-сі бірмандатты округтер бойынша, 1219-ы партиялық тізімдер арқылы сайлауға қатысты. Партиялық тізімге енген кандидаттардың 43,2%-ын әйелдер құрады.

Бірмандатты округтер бойынша 3113, партиялық тізімдер бойынша 334 депутаттық мандат бөлінеді.

Аралас сайлау жүйесі азаматтарға нақты кандидатпен қатар саяси партияны да таңдау мүмкіндігін берді. Мәселен, Астанада сайлаушыларға көгілдір және жасыл түсті екі бюллетень берілді.

18 жастағы егіздер мен 105 жастағы майдангер

Қызылорда облысында сайлауға қатысқан ең жасы үлкен азаматтардың бірі 105 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров болды. Майдангер Сырдария ауданындағы №155 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Жетісу облысында 18 жастағы егіз ағайынды Семен мен Даниил Потапенко алғаш рет дауыс берді. Екеуі де Талдықорғандағы заң колледжінде білім алып жүр.

Ақтаудағы №79 сайлау учаскесіне ерекше қонақ келді. Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжінің студенті Диас Исенаманов өзі құрастырған роботын ертіп келді.

«Сайлауға қатысу – азаматтық борышымыз деп санаймын», – деді жас өнертапқыш.

Алматы облысында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың ұрпақтары дауыс берсе, Маңғыстау облысында теміржолшылар әулетінің өкілдері сайлау учаскесіне бірге келді.

Президент, Олимпиада чемпиондары және әскери қызметшілер дауыс берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайындағы №520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Премьер-министр Олжас Бектенов пен өңір басшылары да өз таңдауын жасады.

Бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов Алматыдағы сайлау учаскесіне отбасымен бірге келді. Түркістан облысында самбо мен дзюдодан әлем чемпионы Мәди Нәбиев, Ақтөбеде арбамен теннис ойнаудан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Ердәулет Қадырбергенов дауыс берді.

Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 36 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген көптеген сарбаз үшін бұл өміріндегі алғашқы сайлау болды.

1300-ден астам көлік сайлаушыларға қызмет көрсетті

Сайлаушылар тізіміне 12 679 459 Қазақстан азаматы енгізілді. Ел аумағында 10,3 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылды. Оның 556-сы азаматтардың уақытша болатын орындарында орналасты.

Мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген дауыс беру кабиналары, пандустар, тактильді көрсеткіштер, Брайль қарпімен жазылған ақпарат пен ымдау тілі аудармашыларының қызметі ұсынылды.

«Инватакси» қызметіне 1300-ден астам автокөлік жұмылдырылды. Астанада сайлаушыларға 800 ерікті көмектесті.

Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған азаматтарға үйінде дауыс беру мүмкіндігі жасалды.

Сайлау барысын 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымның байқаушылары қадағалады.

Сайлау қорытындысы 3 желтоқсанға дейін жариялануы тиіс

Сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыс санауға кірісті. Сайлаудың ресми қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.

Жаңадан сайланған депутаттар жергілікті бюджеттер мен өңірлерді дамыту бағдарламаларын бекітеді. Бұл шешімдер тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей қатысты: жол жөндеу, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.

Алдағы бес жылда қандай жобаларға қаржы бөлінетіні, өңір тұрғындарының қандай мәселелері бірінші кезекте шешілетіні жаңа мәслихаттардың жұмысына байланысты болмақ.

Бұған дейін біз Қазақстандағы 3447 жаңа депутаттың қандай мәселелерді шешетінін және олардың жұмысы тұрғындардың өміріне қалай әсер ететінін жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -