Әскери тілшілердің қаламы – ерлік пен шынайылықтың үні

2739
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 2025 жылға арналған тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарының іс-шаралар жоспарына сәйкес, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімде бөлімшелердің штаттан тыс әскери тілшілерімен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Бұл шараның басты мақсаты – әскери қызметшілерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әскери өмірдің өзекті мәселелерін ашып көрсетуге машықтандыру, әскери баспасөздің сапасын арттыру және сарбаздардың журналистика саласына деген көзқарасын қалыптастыру.

Жиын барысында қатысушыларға арналған нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізілді. Онда әскери тілшілік қызметтің негізгі талаптары, мақаланың құрылымы, ақпарат көздерін дұрыс пайдалану, фото-видео материалдармен жұмыс істеу сынды маңызды тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу барысында бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ведомстволық «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналында материалдары жарық көрген сарбаздар өз ойларымен бөлісіп, жас корреспонденттерге бағыт-бағдар берді.

Жиынға қатысушылар оқу кезеңінде сабақтардан, шаруашылық жұмыстардан және жасақтың барлық түрінен босатылды. Бұл – олардың өздерін толықтай шығармашылық ортаға бейімдеуге және журналистік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

Жиынның маңызды бөлігінің бірі – сарбаздардың Жамбыл облыстық “Арай” газетінің редакциясына жасаған сапары болды. Мұнда сарбаздар журналистердің күнделікті жұмыс процесімен танысып, баспасөз материалдарының қалай дайындалатынын өз көздерімен көрді. Қалам мен қағазды қару еткен редакция ұжымы сарбаздарға газет-журнал шығару барысындағы әрбір кезеңді жан-жақты түсіндіріп, шынайы ақпаратты дер кезінде жеткізудің маңызын айтып берді.

Редакцияға келген қатардағы жауынгер Рауан Амангелді өз әсерін былайша бөлісті:

— Облыстық “Арай” газетінің редакциясына барып, журналистердің жұмысымен жақынырақ таныстық. Шынымды айтсам, бұл сала маған өте қызықты көрінді — ақпаратты өңдеу, мәтін жазу, оқырманға ой тастау сияқты процесстер көп еңбекті талап етеді екен. Редакциядағы атмосфера шығармашылыққа толы, ал қызметкерлері өз ісінің нағыз шеберлері екені бірден байқалды. Мұндай тәжірибе біз үшін үлкен сабақ болды. Осындай мүмкіндік жасағандарға алғысымыз шексіз. Бұл бізге тек журналистиканың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, болашаққа деген көзқарасымызды да кеңейтті.

Шынында да, осындай тәжірибелік жиындар сарбаздарға жаңа қабілеттерді ашуға, шығармашылық ойлауға және әскери қызметтен бөлек өзін басқа салада да сынауға үлкен мүмкіндік береді.

5513 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бауыржан Кансеитов: “Бүгінгі әскери қызметші тек сапта жүрумен, қару ұстаумен шектелмейді. Ол – көп қырлы, жан-жақты дамыған азамат. Ал әскери баспасөз – сол азаматтардың шынайы келбетін, ерлікке толы күнделікті еңбегін көрсету құралы.

Оқу-әдістемелік жиын өз мақсатына жетті. Жас сарбаздардың арасынан жаңа есімдер, болашақ әскери журналистер шығатынына сенім мол. Ең бастысы — сарбаздар бұл жиыннан тек білім емес, шабыт пен жауапкершілік те алды”, - деді.

Жиын соңында қатысушыларға бөлім командирінің атынан алғыс хаттар табысталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -