Қытайдың мегаполисі Шанхай қаласында Қытай–ШЫҰ метаболикалық аурулар жөніндегі ынтымақтастық орталығы құрылды, деп хабарлайды Xinhua.
Орталықтың ашылу рәсіміне Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев және ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Чжэн Чжэ қатысты.
Жаңа орталық Шанхай көлік университетінің Медицина колледжіне қарасты беделді «Жуйцзинь» ауруханасы базасында орналасқан. Хабарламаға сәйкес, бұл — Шанхайдағы ШЫҰ аясындағы мемлекеттік деңгейдегі алғашқы кәсіби ынтымақтастық платформасы. Орталық ШЫҰ елдерінің күш-жігерін үйлестіріп, метаболикалық ауруларға қарсы бірлескен шараларды жүзеге асыруды және осы салада жүйелі басқару механизмін қалыптастыруды көздейді.
Орталық қызметінің негізгі бағыттары: медициналық көмек көрсету, медицина қызметкерлерін даярлау, жаңа емдеу әдістерін бірлесіп енгізу және тарату, сондай-ақ тиісті өндірістік технологиялар алмасу.
Алдағы үш жыл ішінде орталық ШЫҰ елдерінен метаболикалық аурулардың алдын алу және бақылау саласында 2 мың медицина қызметкерін оқытуды және ұйым аймағында 500 медициналық технологияны енгізуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар орталық ШЫҰ аясында метаболикалық медицина форумы құрылуына бастамашы болады.
Ашық медициналық деректерге сәйкес, метаболикалық аурулар XXI ғасырдағы адамзат денсаулығына төнген ең күрделі қауіптердің бірі болып отыр. Қант диабеті, семіздік, жүрек-қантамыр аурулары, сондай-ақ олармен тығыз байланысты онкологиялық аурулар мен ерте қартаю синдромы ШЫҰ өңіріндегі негізгі өлім-жітім себептеріне айналған.
Нұрлан Ермекбаев орталықтың ашылуы ШЫҰ аясындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам екенін атап өтті.
Чжэн Чжэ Қытай тарапы ШЫҰ-ның денсаулық сақтау саласындағы жобаларын, оның ішінде осы орталықтың жұмысын қолдауды жалғастыратынын мәлімдеді.