Қытайдың Мемлекеттік даму және реформалар комитеті дүйсенбі күні сейсенбіден бастап елде бензин мен дизель отынының бөлшек бағасы көтерілетінін хабарлады. Бұл шешім халықаралық мұнай нарығындағы бағаның күрт өсуіне байланысты қабылданды, деп хабарлайды Xinhua.
Комитет жариялаған мәлімдемеге сәйкес, бензин бағасы тоннасына 695 юаньға (шамамен 100,5 АҚШ доллары), ал дизель отынының бағасы 670 юаньға өседі.
Комитет жанындағы Бағаларды мониторингтеу орталығының мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдайдың дамуы алдағы уақытта әлемдік мұнай бағасының негізгі үрдісіне ықпал ететін басты факторлардың бірі болмақ.
Қытайдың үш ірі мұнай компаниясына — PetroChina, Sinopec және CNOOC-қа, сондай-ақ елдегі басқа да мұнай өңдеу кәсіпорындарына мұнай өнімдерін өндіру мен тасымалдауды тиімді ұйымдастыру, олардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету және мемлекеттік баға саясатын қатаң сақтау тапсырылды.
Комитеттің мәлімдеуінше, нарықтағы тәртіпті сақтау үшін өңірлердегі тиісті ведомстволар ұлттық баға саясатын бұзатын әрекеттердің жолын кесу бойынша қатаң шаралар қабылдауы тиіс.