Қытайда жасалған екінші ірі круиздік лайнер Шанхайдағы айлақтан шығып, сынақ сапарлары мен пайдалануға беруге дайындық жолындағы тағы бір маңызды кезеңнен өтті, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл Қытайдың круиздік туризм нарығындағы позициясын кеңейтіп жатқанын көрсетеді.
"Adora Flora City" атты круиздік кеме China State Shipbuilding Corporation /CSSC/ құрамына кіретін Shanghai Waigaoqiao Shipbuilding Co., Ltd. компаниясының құрылыс докынан баяу түрде шығарылды. Кеме жасаушының мәліметінше, енді ол толықтай швартовтық сынақ кезеңіне өтеді.
Adora Cruises круиздік лайнер операторының хабарлауынша, алдағы уақытта ішкі әрлеу жұмыстары, жүйелерді баптау және басқа да жұмыстар жеделдетіледі. Кеме биылғы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда және Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы Гуанчжоу қаласындағы Наньша халықаралық круиздік портынан халықаралық бағыттар бойынша қатынай бастайды.