Қытай жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы технологиялардың сапасын, сенімділігін және стандартталуын арттыру мақсатында ұлттық метрологиялық жүйе құруға кірісті.
Тиісті нұсқаулықты ҚХР Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы мен Қытайдың Мемлекеттік даму және реформалар комитеті бірлесіп жариялады. Құжат жасанды интеллект үшін метрологиялық инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, осы стратегиялық маңызды саладағы елдің әлеуетін күшейтуді көздейді.
Құжатты әзірлеушілердің айтуынша, бұл бастама Қытайдың ЖИ технологияларын дамытудағы жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Ел енді есептеу қуатын ұлғайту мен технологияларды ауқымды енгізуден олардың сапасын арттыруға және дамудың іргелі негізін нығайтуға басымдық беруде.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа метрологиялық жүйе жасанды интеллект технологияларын экономиканың нақты секторларымен терең ықпалдастыруға және жаңа сапалы өндіргіш күштердің қалыптасуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Нұсқаулық алты негізгі бағытты қамтиды: базалық инфрақұрылымды қалыптастыру, әмбебап және мамандандырылған технологияларды дамыту, метрологиялық стандарттарды жетілдіру, метрологиялық қызметтер индустриясын дамыту, сондай-ақ өлшеу және бақылау жүйелеріне интеллектуалды шешімдерді енгізу.
Жобаны іске асыру Қытайдың 2026 жылғы наурызда жарияланған 15-бесжылдық жоспарының негізгі қағидаттарына енгізілген «ЖИ плюс» бастамасын жан-жақты жүзеге асыру стратегиясына сәйкес келеді.