Қытайдың Далянь қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жазғы сессиясында («Жазғы Давос») инновациялар, жасанды интеллект және «жасыл» экономика басты тақырыптарға айналды. Іс-шараға 90-нан астам ел мен өңірден саясат, бизнес, ғылым және медиа салаларының 1700-ден астам өкілі қатысуда.
Ресми атауы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаңа чемпиондардың жыл сайынғы кездесуі болып табылатын форум биыл «Инновацияларды ауқымды дамыту» ұранымен өтуде. Қатысушылар жасанды интеллект, робот техникасы, кванттық технологиялар, биомедицина, озық өндіріс және экологиялық таза энергетиканы дамыту перспективаларын талқылауда.
Биылғы форум Қытайдың даму басымдықтарын айқындаған 15-бесжылдық жоспар (2026–2030 жылдар) қабылданғаннан кейінгі алғашқы ірі халықаралық алаңға айналды. Құжатта экономиканы цифрлық және зияткерлік трансформациялауды жеделдету, AI Plus стратегиясын іске асыру, сондай-ақ жоғары технологиялық перспективалы салаларды дамыту көзделген.
Honeywell компаниясының Қытайдағы бөлімшесінің президенті Юй Фэн компанияның жаңа бесжылдық жоспарды мұқият зерделеп жатқанын және жартылай өткізгіштер өндірісі, деректерді өңдеу орталықтары, кеме жасау мен энергетикалық трансформация салаларында елеулі даму мүмкіндіктерін көріп отырғанын айтты.
Kmind Strategy Consulting консалтингтік компаниясының төрағасы Се Вэйшаньның пікірінше, ауқымды ішкі нарық пен дамыған өнеркәсіптік база Қытайды жаңа технологияларды жедел енгізу және коммерцияландыру үшін бірегей алаңға айналдырады.
Форумға қатысушылар күнделікті өмірде цифрлық шешімдердің кеңінен енгізілгенін де атап өтті. ManpowerGroup компаниясының бас директоры Йонас Присингтің айтуынша, Қытай қоғамы жасанды интеллект пен цифрлық сервистерді пайдалануға өте жоғары дайындық танытып отыр, бұл технологиялық инновациялар үшін қолайлы орта қалыптастырады.
Форумда экологиялық күн тәртібіне де айрықша назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың жаңартылатын энергетикаға көп жылдан бері салып келе жатқан инвестициялары қазірдің өзінде нақты экономикалық нәтиже беруде.
Джонс Хопкинс университетінің профессоры Юэнь Юэнь Анг Қытайдың әртараптандырылған энергетикалық жүйесі мен жаңартылатын энергетика саласындағы көшбасшылығы дәйекті мемлекеттік саясат пен ұзақ мерзімді инвестициялардың нәтижесі екенін айтты.
Бүгінде әлемде сатылатын электр көліктерінің жартысынан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. Ал 2025 жылы елдегі электр энергиясын тұтынудың өсімінің 90 пайыздан астамы жел және күн энергетикасының жаңа қуаттары есебінен қамтамасыз етілді.
Аустралия ұлттық университеті Кибернетика мектебінің директорының міндетін атқарушы Кэтрин Даниэль Қытайдың қысқа уақыт ішінде күн энергетикасы, аккумуляторлар және электр көліктері өндірісі саласында әлемдегі ең ірі өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастырып, «жасыл» трансформацияның жаһандық көшбасшыларының біріне айналғанын атап өтті.
Сарапшылар Қытайдың дамуы әлемдік экономикамен тығыз байланысты екенін де айтты. Қытай Коммерция министрлігінің деректеріне сәйкес, шетелге инвестиция салатын қытайлық компаниялардың саны 530 мыңнан асты, ал елдің жинақталған тікелей шетелдік инвестицияларының көлемі 3,6 трлн АҚШ долларына жетті.
Форум қатысушыларының пікірінше, ауқымды ішкі нарықтың, дамыған өнеркәсіптік экожүйенің, технологиялық инновациялардың және ашықтық саясатының үйлесуі Қытайға әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі әрі жаңа технологияларды енгізудің маңызды алаңы мәртебесін сақтап қалуға мүмкіндік береді.