Қытай құрғақшылықтан, су тасқынынан және қарулы қақтығыстардан зардап шеккен халықтың ең осал топтарына көмек көрсету үшін Оңтүстік Суданға 3 мың тоннадан астам бидай мен күріш тапсырды.
Оңтүстік Суданның гуманитарлық мәселелер және төтенше жағдайларды басқару министрі Альбино Аколь Атак гуманитарлық көмектің ел үшін аса күрделі кезеңде жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайынғы су тасқындары мен құрғақшылық бір миллионнан астам адамға әсер етеді. Бұған қоса, көршілес Суданнан босқындардың келуі, ішкі қақтығыстар мен экономикалық қиындықтар жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Министрдің орынбасары Уильям Чан Ачуил азық-түлік жеткізілімдері ел ішінде қоныс аударған адамдардың, отанына оралған азаматтардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және халықтың басқа да мұқтаж санаттарының азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін айтты. Ол сондай-ақ бұл гуманитарлық көмекті Оңтүстік Судан мен Қытай арасындағы берік әріптестіктің дәлелі деп атады.
Қытайдың Оңтүстік Судандағы елшісі Ма Цян бұл жыл басынан бері Қытайдың елге жіберген төртінші гуманитарлық көмек партиясы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жеткізілім Қытай – Африка ынтымақтастығы форумының Бейжің саммитінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында жүзеге асырылып отыр және Қытайдың Африка мемлекеттерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен гуманитарлық ынтымақтастықты қолдауға бейілдігін көрсетеді.