Қытай визасыз кіру және транзит саясатын одан әрі жетілдіріп, шекаралық және иммиграциялық қызметтерді цифрландыруды кеңейтеді. Бұл туралы ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрінің орынбасары Ци Яньцзюнь мәлімдеді.
Оның айтуынша, билік жол жүру құжаттарын цифрлық форматқа көшіруді жеделдетіп, «ақылды» өткізу бекеттерін кеңінен енгізеді және иммиграциялық қызметтерді кезең-кезеңімен онлайн форматқа ауыстырады. Сонымен қатар, визалық саясат пен тұруға рұқсат беру рәсімдерін қайта қарап, шетел азаматтары үшін елге кіруді барынша қолайлы етуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, көші-қонды басқару саласындағы жаңа шаралар алдымен еркін сауда пилоттық аймақтарында сынақтан өткізіліп, кейін олардың тиімді тәжірибесі елдің басқа өңірлеріне таратылады. Қазіргі уақытта Қытай 50 мемлекеттің азаматтарына біржақты тәртіппен визасыз кіруге мүмкіндік береді. Ал 55 елдің азаматтары 65 өткізу бекеті арқылы 240 сағаттық визасыз транзит бағдарламасын пайдалана алады.
ҚХР Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында шетел азаматтарының визасыз кіру саны жылдық есеппен 30,6 пайызға өсіп, 17,8 миллионнан асты. Бұл көрсеткіш Қытайға келген барлық шетел азаматтарының 77,7 пайызын құрады.