Қытай экономиканың жаңа салалары мен технологиялық инновациялардың дамуын қолдау мақсатында зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды күшейтуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы ҚХР Зияткерлік меншік істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы (CNIPA) хабарлады.
Жақын арада 15-бесжылдыққа (2026–2030 жылдар) арналған зияткерлік меншікті қорғау және пайдалану жоспары таныстырылады. Құжат зияткерлік меншік нысандарын жасау, қорғау және коммерцияландыру тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Ерекше назар жасанды интеллектке, кванттық технологияларға, биомедицинаға, жаңа буындағы ақпараттық технологияларға және басқа да перспективалы бағыттарға аударылады.
CNIPA мәліметінше, жасанды интеллектке қатысты технологиялар, соның ішінде embodied intelligence, «ми – компьютер» интерфейстері және 6G технологиялары бойынша патенттік сараптама жүргізу қағидаларын жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қытай халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, зияткерлік меншік саласындағы жаһандық стандарттарды әзірлеуге қатысуды және қытайлық компаниялардың шетел нарықтарындағы құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруді көздейді.