«Ауқым бойынша көшбасшылықтан» «сапаға негізделген трансформациялық өсімге» көшу — Қытай автомобиль өнеркәсібіндегі басымдықтардың өзгеруі жақында өткен 2026 жылғы автомобиль саласындағы жаңа сапалы өндіргіш күштерді дамыту форумында басты назарға алынды.
Қытайдың Экономикалық ақпарат қызметі мен Қытайдың сертификаттау және инспекциялау тобы ұйымдастырған іс-шара Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласының Цзюлунпо ауданында өтті. Форумға автомобиль өнеркәсібі мен интеллектуалды жүргізу секторының бірқатар бизнес өкілдері қатысты.
Елде электромобиль өндірісі ұлғайып, интеллектуалды жүргізу технологиялары дамыған сайын ауқым есебінен үнемдеуден гөрі трансформациялық өсімге қол жеткізу аса маңызды мәселе болып отыр. Бұл әсіресе автомобильдер мен мотоциклдер өндірісі бойынша жетекші қалалардың бірі саналатын және жаһандық қосылған құн тізбегінде жоғары деңгейге көтерілуге ұмтылып отырған Чунцин үшін өзекті.
Интеллектуалды жүргізу технологияларының кең таралуына қарамастан, пайдаланушылар сенімінің төмен болуы секілді салалық мәселелерге тоқталған Chongqing Changan Automobile Co., Ltd. компаниясының вице-президенті Хэ Ган пайдаланушылардың қауіпсіздікке деген сенімін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Барлық ауа райы жағдайларына арналған қараңғы камерасы бар зертханасы мен интеллектуалды жүргізудің әлемдік модельдерін пайдалану арқылы Чунциндегі компания төтенше жағдайларда көлік қозғалысының тұрақтылығын арттырып, қауіпті кедергілерді алдын ала анықтауды қамтамасыз етуде. Осылайша үш сатылы қауіпсіздік жүйесі қалыптастырылып жатыр.
Seres компаниясының президенті Хэ Лиян компанияның даму барысында дәйекті түрде ұстанып келе жатқан қауіпсіздік пен өнімділікке бағытталған бірқатар қағидаттарын таныстырып: «Қауіпсіздік — ұмтылуға тұрарлық ең жоғары сән-салтанат», — деп мәлімдеді.
Бәсекелестік қысымын төмендету мәселесіне тоқталған Leapmotor компаниясының аға вице-президенті Цао Ли салалық циклдердің ықпалын еңсеру үшін дербес зерттеулер мен өз өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Компания негізгі компоненттердің 65 пайыздан астамын өзі әзірлеп, өндіреді және 18 ірі зауытқа иелік етеді. Бұл сапаны, өзіндік құнды және өнімді жетілдіру тиімділігін толық бақылауға мүмкіндік беретін тұйық өнеркәсіптік кластер құруға жол ашты.
Күштік қондырғыларды әзірлеудің технологиялық бағыттарына қатысты саладағы пікірталастар аясында GAC Group стратегиялық комитетінің мүшесі У Цзянь шетелде қалыптасқан дәстүрлі күштік қондырғыларды әзірлеу технологияларының интеллектуалды жүйелерге бейімделу тұрғысынан белгілі бір шектеулері бар екенін атап өтті.
У Цзяньның айтуынша, Қытайдың өзіндік ерекшеліктеріне сай күштік қондырғыларды әзірлеу үшін жергілікті жағдайларға бейімделген және автомобильдің интеллектуалды жүйелерімен жақсы үйлесетін технологияларды терең зерттеу қажет. Ол 20 жылдық дербес зерттеулер мен әзірлемелерден кейін компания бүгінде жүріс қоры ұзартылған автомобильдерге, қуаттау мүмкіндігі бар гибридтерге және гибридті электромобильдерге арналған күштік қондырғылар технологиясының үш сериясына ие екенін айтты.
«Жаһандық нарыққа шығу» мәселесіне қатысты Bosch компаниясының Қытайдағы интеллектуалды басқару және жүргізу жүйелері бөлімшесінің президенті У Юнцяо компанияның интеллектуалды жүргізу жүйелерін әзірлеу бизнесі жергілікті инновацияларға белсенді қатысып отырғанын айтты. Сонымен қатар компания Қытай автомобиль өндірушілерінің жаһандық нарықтағы ауқымын кеңейтуіне ықпал ету үшін өз қызметін шетелдік заңдар мен ережелерге сәйкестендіріп келеді.
Технологияларды қоғам игілігіне пайдалану туралы айта келе, Sevnce Robotics Co., Ltd. компаниясы президентінің орынбасары Тан Гомэй компания ерекше жағдайларда туындайтын салалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге баса назар аударып отырғанын мәлімдеді.
Интеллектуалды жүргізу жүйелерін дамытудағы когнитивтік жалпылау қабілетінің жеткіліксіздігі және себеп-салдарлық байланыстарды анықтау секілді салалық мәселелерге тоқталған штаб-пәтері Чунцинде орналасқан интеллектуалды жүргізу жүйелерін әзірлеуші Chongqing Afari Technology Co., Ltd. компаниясының техникалық директоры Ян Му компанияның интеллектуалды жүргізуге арналған өзіндік базалық моделін жасап жатқанын айтты. Ол үшін үлкен тілдік модельдер интеллектуалды жүргізу модельдерімен біріктірілуде. Бұл интеллектуалды автомобильдердің қоршаған ортаны түсіну, логикалық пайымдау және тәуекелдерді болжау мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.