Қытайдың шығысындағы Шаньдун провинциясының Вэйфан кәсіптік колледжінде алты Африка елінен келген 68 студентті біріктірген 11-ші Africa Tech Challenge (ATC) байқауы басталды.
Жарыстың негізгі бағыттары — өнеркәсіптік робототехника және өндірісті автоматтандыру, деп хабарлайды DKNews.kz.
Байқауға Камерун, Гана, Руанда, Сенегал, Оңтүстік Африка Республикасы және Зимбабведен келген, Қытайда «Африканың болашағы: кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы Қытай-Африка ынтымақтастығы» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттер қатысуда.
Биыл Africa Tech Challenge екі бағытты қамтиды — өнеркәсіптік роботтарды және бағдарламаланатын логикалық контроллерлерді қолдану. Финалдық жарыс алдында қатысушылар екі апталық кәсіби дайындықтан өтеді. Жеңімпаздарға марапаттар қазан айында Тяньцзиньде өтетін Дүниежүзілік кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту конференциясында табысталады.
Africa Tech Challenge 2014 жылдан бері өткізіліп келеді және білікті техникалық мамандар даярлауға бағытталған. Осы уақыт ішінде бағдарламаға 2 мыңға жуық адам қатысып, олардың 30-ы Қытайда білім алу үшін толық стипендияға ие болды.
2023 жылдан бастап байқау кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы Қытай-Африка ынтымақтастығының «Африканың болашағы» бағдарламасына кіреді. Оны жүзеге асыруға қатысушылардың бірі — Қытай авиация өнеркәсібі корпорациясының (AVIC) еншілес құрылымы AVIC Innovation Holding Limited.
AVIC білім беру жобалары аясында Африка елдерінде 180-нен астам кәсіптік оқу орны салынып, жаңғыртылды. Жыл сайын даярлау бағдарламалары 20 мыңнан астам оқытушы мен студентті қамтиды және өнеркәсіп пен технологиялық жаңғыртуға қажетті кадрларды даярлауға бағытталған.