Қытай пайдалы қазбаларды өндіру мен барлаудың түрлі кезеңдерінде жасанды интеллектіні, цифрлық егіздерді, автономды техниканы, 5G технологиясын және роботтандырылған жүйелерді енгізу арқылы тау-кен өнеркәсібінің цифрлық трансформациясын жеделдетуде.
Жаңа технологиялар әсіресе көмір өнеркәсібінде кеңінен таралып келеді. Қытай ұлттық көмір қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай елде 1066 интеллектуалды көмір шахтасы жұмыс істеді. Олардың үлесіне көмір өндірудің жиынтық қуатының 65 пайыздан астамы тиесілі болды. Ашық кеніштерде 4 мыңнан астам автономды самосвал пайдаланылды.
Жасанды интеллект тікелей кен өндіру кезінде ғана емес, геологиялық барлау саласында да қолданылуда. Қытай Халық Республикасының Табиғи ресурстар министрлігі кен орындарын іздеуге арналған AI-OreSeeking және геологиялық карталар жасауға арналған AI-GeoMapping жүйелерін таныстырды.
AI-GeoMapping Қытайдың түрлі өңірлеріндегі 1:50 000 масштабтағы 100-ге жуық геологиялық картада сынақтан өтті, сондай-ақ Марокко, Сауд Арабиясы және Лаоста қолданылып келеді. Қолда бар деректерге сәйкес, жүйе геологиялық нысандарды 90 пайыздан астам жалпы дәлдікпен танып, дәстүрлі әдістермен салыстырғанда деректерді өңдеу мен талдаудың және карта жасаудың тиімділігін 50 пайыздан астам арттырады.
Қытай шахталарында цифрлық технологиялар жерасты қабаттарының үш өлшемді модельдерін жасауға, өндірістік деректерді нақты уақыт режиміне барынша жақын алуға және кен өндіру үдерісін дәлірек басқаруға мүмкіндік береді. 5G желілері байланыс пен қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау үшін пайдаланылады, ал интеллектуалды үңгілеу кешендері навигация, лазерлік позициялау және қашықтан басқару жүйелерімен жабдықталады.
Роботтандыру сонымен қатар жұмысшылар үшін тәуекелдерді азайтуға тиіс. Тау-кен роботтары қауіпті учаскелердегі жұмыстарды орындай алады, ал интеллектуалды тану жүйелері көмірді бос жыныстан автоматты түрде бөліп, сұрыптау тиімділігін арттырады.
2030 жылға қарай Қытай технологияларды, жабдықтарды және басқаруды біріктіретін интеллектуалды кен өндірудің кешенді жүйесін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Саланы одан әрі дамыту ортақ деректер платформаларын, автоматтандырылған шешім қабылдау жүйелерін және түрлі цифрлық жүйелердің өзара іс-қимылын кеңінен пайдалануды көздейді.