Қытай күзгі мерекелер қарсаңында туристік және мәдени тұтынуды ынталандыруға бағытталған ауқымды науқанды бастайды. Ел бойынша 20 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған, ал тұтынушылық ваучерлер мен субсидиялардың жалпы көлемі 310 миллион юаньнан, яғни шамамен 45,9 миллион доллардан асады.
Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі бастамашы болған науқан қыркүйектің соңынан қазан айының соңына дейін жалғасады. Ол биыл 25–27 қыркүйек аралығында атап өтілетін Күз ортасы мерекесін және Қытайдың Ұлттық күніне орай 1–7 қазан аралығындағы бір апталық демалысты қамтиды.
Елдің әртүрлі өңірлерінде мәдени бағдарламалар, туристік маршруттар, күзгі экскурсиялар, отбасылық іс-шаралар, танымдық сапарлар, түнгі ойын-сауық бағдарламалары мен гастрономиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Материалдық емес мәдени мұраға байланысты жобаларға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Сұранысты ынталандыру үшін жергілікті билік туристерге тұтынушылық ваучерлер мен субсидиялар береді. Мұндай қолдаудың жалпы көлемі 310 миллион юаньнан асады.
Күзгі мерекелер дәстүрлі түрде Қытайдағы ішкі туризмнің ең белсенді кезеңдерінің бірі саналады. Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, былтыр Күз ортасы мерекесі мен Ұлттық күнге орай ұйымдастырылған сегіз күндік демалыс кезінде ел тұрғындары ішкі туризм аясында 888 миллион сапар жасаған. Туристердің шығыны 809 миллиард юаньға жетті.
Сонымен қатар Қытайдың туристік нарығы барған сайын әртараптанып келеді: саяхаттар мәдени іс-шаралармен, гастрономиямен, спортпен, ойын-сауықпен және тұтынушылық қызметтердің басқа да түрлерімен белсенді түрде ұштастырылуда.
Трансшекаралық туризм де өсуін жалғастыруда. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қытайдың шекара қызметтері елге кіру және елден шығу бойынша 499 миллион сапарды тіркеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға көп.
Алдағы мереке күндері де жолаушылар ағыны жоғары болады деп күтілуде. Қытай Халық Республикасының Ұлттық иммиграция басқармасының болжамынша, Қытай шекарасы арқылы күн сайын 2 миллионнан астам адам өтеді. Жолаушылар ағыны ең жоғары болатын күні шекарадан өту саны 2,4 миллионнан асуы мүмкін.