Қытай өзінің орбиталық станциясын түрлі елдердің ғалымдарына қолжетімді халықаралық зерттеу платформасына айналдыруды көздеп отыр. Бұл туралы Қытайдың тұңғыш ғарышкері, Қытайдың басқарылатын ғарыштық ұшулар бағдарламасы басқармасы бас конструкторының орынбасары Ян Ливэй Түркияның Анталья қаласында өткен 77-ші Халықаралық астронавтика конгресінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қытай ғарыштық зерттеулер, ғарышкерлерді даярлау, ғарышқа ұшуларды ұйымдастыру және ғылыми-ағартушылық қызмет салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
Алдағы маңызды қадамдардың бірі — алғашқы шетелдік ғарышкердің Қытайдың орбиталық станциясына ұшуы. Ян Ливэйдің хабарлауынша, 2026 жылдың екінші жартысында Пәкістан өкілі пайдалы жүктеме жөніндегі маман ретінде қысқа мерзімді ғарыштық миссияны жүзеге асыруы тиіс.
Қазіргі уақытта Пәкістаннан іріктелген екі үміткер қытайлық ғарышкерлермен бірге дайындықтан өтіп жатыр. Ян Ливэйдің бағалауынша, олардың екеуі де оқу барысында жоғары нәтиже көрсетуде.
Қытай халықаралық серіктестерін Халықаралық Ай зерттеу станциясы жобасына қатысуға да шақырып отыр. Ян Ливэй Бейжіңнің Айды игеру бағдарламасы аясында технологиялар мен ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.
Антальядағы конгресте Қытай мемлекеттік ғарыш ұйымдарының, ғылыми-зерттеу институттарының және жеке компаниялардың әзірлемелерін таныстырды.
Бейжіңдік Final Frontier компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Цзиньлинь Чэнь соңғы онжылдықта Қытайдың коммерциялық ғарыш саласы қарқынды дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, ең перспективалы бағыттардың бірі — ғарышқа ұшыру құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік беретін көп мәрте пайдаланылатын зымырандарды жасау.
Final Frontier компаниясы озық жартылай өткізгіш технологияларды пайдалана отырып, жаңа буындағы есептеу спутниктерін әзірлеумен айналысады. Чэньнің хабарлауынша, конгресс барысында әлеуетті түрік серіктестерімен және тапсырыс берушілермен келіссөздер басталып кеткен.
Түркия ғарыш агенттігінің басшысы Юсуф Кырач қытайлық ұйымдардың халықаралық форумға қатысуын жоғары бағалап, ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
Бес күнге созылған Халықаралық астронавтика конгресі әлемнің түкпір-түкпірінен ғарыш агенттіктерінің өкілдерін, ғалымдарды, инженерлерді, ғарышкерлерді және аэроғарыш компанияларының басшыларын жинады.