Қытай азаматтық авиацияға арналған қосарлы мақсаттағы өнімдердің экспортын жеңілдетуді жоспарлап отыр. ҚХР Коммерция министрлігі белгіленген талаптарға сай келетін кәсіпорындарға әрбір жеткізілім үшін жеке лицензия алудың орнына экспорттық сертификаттарды тіркеу тәртібімен рәсімдеуге рұқсат беруді ұсынды.
Жаңа ережелердің жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Өзгерістер жөндеу, техникалық қызмет көрсету және лизинг мақсатында шетелге жіберілетін авиациялық қозғалтқыштарға, инерциялық навигация жүйелеріне және басқа да құрамдас бөлшектерге қатысты болады.
Кәсіпорындар қажетті мәліметтерді тіркегеннен кейін сертификат алып, кедендік рәсімдеуден электрондық түрде өте алады. Бұл жеткізу мерзімдерін қысқартып, жолаушылар және жүк ұшақтарына халықаралық деңгейде қызмет көрсетуді жеңілдетеді деп күтілуде.
Жеңілдетілген тәртіпті қосалқы бөлшектерді шетелге шығаруға, зақымдалған бұйымдарды қайтаруға, сондай-ақ шетелдік көрмелерге, көрсетілімдерге және халықаралық құтқару операцияларына қатысу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын уақытша экспорттауға да қолдану ұсынылып отыр.
Сонымен қатар экспорттық бақылау сақталады. Компаниялар белгіленген шектеулерді сақтауға және сертификаттардың пайдаланылуы туралы есеп беруге міндетті болады. Ал реттеуші органдар қосымша құжаттарды сұратып, берілген рұқсаттардың күшін жоя алады.
Ережелерді жаңарту қажеттілігі 2024 жылғы желтоқсанда ҚХР-дың қосарлы мақсаттағы тауарлар экспортына бақылау жасау туралы жаңа ережесінің күшіне енуімен байланысты. Ұсынылған жоба 22 баптан тұрады және қоғамдық талқылау барысында түскен ұсыныстарды ескере отырып пысықталады.