Жамбылдықтар Алғыс күнін атап өтті

808

Бұл күні  жамбылдықтар ерте таңнан  "Көне Тараз" тарихи-этно-мәдени кешенінің аумағына қарай ағылды. Көп ұлтты Тараз шаһары – нағыз достық мекеніне айналғандай. Қайда қарасаңыз да көздеріне қуаныш ұялап, шаттықтан жүздері бал-бұл жанған адамдарды байқауға болады. Түрлі  этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлері мен өнерлерін ортаға салып,  тағамдарын ұсынып жатты...

           

Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев этномәдени орталықтардың өкілдері әзірлеген түрлі тағамдардан дәм татып, музыкалық нөмірлерін тамашалады.

Сондай-ақ, мереке барысында ет және сүт өнімдерін, бал және жеміс-жидектерді ұсынған жергілікті кәсіпкерлер де аз болмады.

Одан кейін салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда  үлкен экран арқылы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы туралы  баяндалатын бейнесюжет көрсетілді.

- Бірлік – біздің басты жетістігіміз. Қоғамда  бейбітшілік пен тыныштық болғанда ғана  экономика, әлеумет, мәдениет, ғылым дами алады. Біз ата-бабаларымыздың аманаты болған – рухани құндылықтарымыз бен дәстүрімізді үзіп алмауымыз керек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды дамытудың бірегей қазақстандық моделін құрудың бастамашысы бола білді. Біздің елімізде алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты қоғамдық келісім институты құрылды. Сіздердің отбасыларыңызға денсаулық пен игілік, жерімізде бейбітшілік пен келісім орнай берсін,- деп түйіндеді аймақ басшысы өз сөзін.

Ал өнер тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов кезінде қазақтар жер аударылған халықтарға көмек қолын созып, олармен соңғы үзім нанымен бөліскенін айтып өтсе, ал күрд диаспорасының көшбасшысы Сабри Асанов қазақтарға көңілдерінің кеңдігі мен  қонақжайлығы үшін үлкен алғысын білдірді.

Облыс аумағында тіршілік кешіп жатқан өзге де этностардың өкілдері  жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Айта кетейік,  бүгінде Жамбыл облысында 80-нен астам этнос өкілдері тұрады.

Шара барысында  ұлттық киімдегі бір топ жамбылдықтардың  "Атамекен" әнін әуелете орындап,  бейбітшілік символы – ақ көгершіндерді  аспанға ұшырғаны  мерекенің мазмұнын аша түсті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастарды дамыту, толеранттылық қағидаттарын және қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударды.

Өз кезегінде мерекеге белсене қатысқан бірқатар этнос өкілдерімен тілдесіп, олардың ой-пікірлерін құлақ түрген едік. Солардың бірі қазақ даласына өткен ғасырдың 30-шы жылдары қоныс аударылған поляк ұлтының өкілі Наташа Калькова.

«Кезінде түрлі себеппен қоныс аударып келгендерге  қазақтардың қалай көмектескені, қиын уақытта қол ұшын беріп, жасаған жақсылығы туралы біз жақсы білеміз. Ол туралы біздің отбасымызда әрдайым айтылып отырады», - дейді Н.Калькова.

Колледж студенті түрік қызы Әсия Бешли-оглы осы секілді игі шараларды  жиі ұйымдастырып, жастардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасын нығайта түсу керек деп есептейді. Ал,  Хуршед Эшматов облыста мыңнан астам тәжіктер тұрып жатқанын, олар аймақтың қоғамдық өміріне белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жатқанын жеткізді.

Украиндық Татьяна Полищук пен ұйғыр ЭМБ басшысы Мұхаббат Турдыева  Қазақстанда ұлтаралық келісімнің берік деңгейі сақталып отырғандығын айрықша атап өтіп, оны бұзуға ешқандай негіз жоқтығын баса айтты.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың әскери кафедрасының оқытушысы Оңалбек Құрманбек  елімізде тіршілік кешіп отырған өзге халықтарға құрметпен және достық пейілмен қарау – қазақ халқының қанына біткен қонақжай, ақкөңіл қасиеттерінің көрінісі екендігіне назар аудартты.

Айта кетейік, бұл күні облыстың барлық аудан, елді мекендерінде ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарында болып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоғамдағы бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды.           

 - Сонау қиын-қыстау кезеңдерде көптеген этностар мен ұлттар қазақ жеріне қоныс аударылды. Қазақтар ешкімнің де діні мен тіліне қарамай,  құшақ жая қарсы алып, қолындағы нанымен бөлісті. Содан бері жергілікті халықтар мен қоныс аударушылар етене араласып, тату-тәтті тірлік кешуде. Қазақстан – достықтың орталығы, -деген облыс әкімі аудандағы ахуалдың тұрақталғанын баса айтып өтті.

Сондай-ақ,  кездесуде Масаншы ауылының тұрғыны Луй Исхар елдегі барлық этностардың тату-тәтті тіршілігін тілге тиек етіп, оларды мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды.

 - Біз Қазақстанда тұрып жатқаннан соң мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндеттіміз.  Қазақстан бізге өз мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтауға жағдай жасады. Біз де енді өз кезегімізде  қазақ тілін білу арқылы оларға деген құрметіміз бен алғысымызды көрсету керекпіз. Мемлекеттік тілді білсек өзара қарым-қатынасымыз да тереңдей түсері сөзсіз,-деді Л.Исхар

Жалпы, Алғыс айту күні – бұл қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың  мерейлі мерекесі. Оның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, құрмет пен достық сезімдерді ұялату,  елдегі  ұлтаралық келісім мен қатынастарды нығайту болып табылады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -