Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Times Higher Education University Impact Rankings-2021 рейтингінде үздік деп танылды, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Білім ордасы Біріккен ұлттар ұйымының 2030 жылға дейін тұжырымдаған тұрақты дамудың барлық 17 мақсаты бойынша басымдық көрсетті. Әзірге бұл межені қазақстандық жоғары оқу орындары арасында бағындырғандар тіркелмеген.
Times Higher Education University Impact Rankings (THE IR) рейтингінде әлемнің 1115 университетінің көрсеткіштері сарапталған. Әлемдік рейтинг жоғары оқу орындарының тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру барысын бағалауға арналған.
БҰҰ айқындаған 17 бағыттың қатарына кедейлікті жою; салауатты өмір салты; сапалы білім беру; гендерлік теңдік; су ресурстарын тиімді пайдалану және баршаға арналған тазалық; энергия көздеріне қол жетімділік; лайықты жұмыс және экономикалық өсу; өнеркәсіп, инновациялар және инфрақұрылым және басқа талаптар кіреді.
Нәтижесінде ҚазҰУ-дың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етіп отырғаны белгілі болды.