Академик Төлеген Қожамқұлов – 75 жаста

1317

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Қожамқұловтың 75 жылдық мерейтойы өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Салтанатты жиынды ҚазҰУ Басқарма басшысы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Елбасы лебізінде «Cіз зерделі зерттеуші, шебер ұйымдастырушы ретінде өз қабілетіңізбен жастай танылып, ғылым әлеміне ерте араластыңыз. Көрнекті ғалым болып қалыптасып, әсіресе теоретикалық физиканың дамуына аянбай атсалыстыңыз. Жоғары мектеп саласында еселі еңбек етіп, бірқатар оқу орындарының, соның ішінде еліміздің жетекші оқу ордасы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры лауазымын абыроймен атқардыңыз» дей келе, академиктің Білім беру ісінің өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің нығаюына қосқан үлесі атап өтілген.

Сондай-ақ мерейтой иесінің атына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан да құттықтау хат келіп түсті. Мемлекет басшысы «Халқымыз өзіңізді белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, іскер азамат ретінде жақсы біледі. Еліміздің іргелі жоғары оқу орындарын басқарып, жас ұрпақтың білікті маман болып шығуы үшін бар күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде игілікті істерді жүзеге асырдыңыз. Ғылым мен білім жолында қол жеткізген табыстарыңыз өте мол. Физика және математика саласын терең зерттеп, отандық ғылымның дамуына үлес қосып келесіз» деп, алдағы уақытта да Отанымыздың өркендеуіне атсалысып, өмірде арман-мақсаттарға жете беруіне тілектестігін білдірген.

Қазақ ғылымының ардагеріне Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та ақжарма тілегін арнады.

Аймақ басшысы «Сіз еңбек жолыңызда көптеген белестерден өтіп, қарым-қабілетіңіз бен біліктілігіңізді байқата білдіңіз. Түрлі жауапкершілігі мол қызметтерде елеулі еңбек етіп, ел дамуына өз үлесіңізді қостыңыз. Соның арқасында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі атандыңыз. Бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Гүлмира Истайбекқызы екеуіңіз елімізді әлемге танытып жүрген Рахат-Биді тәрбиелеп, өнерге баулып келесіздер. Парасатты перзенттеріңіз дара дарынымен бала кезден-ақ көптің көзайымына айналып, биік белестерді бағындыруда десек, бұл Сіздерден дарыған тектіліктің бір белгісі екендігі сөзсіз, – дей отырып, әрдайым ұлағатты істердің ұйытқысы болып, абырой биігінен көрінуді тілеген.

Ал ғалымның өнегелі өмірі мен ғылым жолы туралы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Тілекқабыл Рамазанов  баяндама жасады. 

Сонымен қатар, ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев,  Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР ҰҒА президенті, академик Мұрат Жұрынов және тағы басқа қоғам қайраткерлері мен замандастары жолдаған ақ-тілектер оқылып, сый-сияпаттары тапсырылды.

Жиын соңында Төлеген Қожамқұлов мерейтойымен арнайы құттықтаған Елбасыға, Президентке және басқа барлық азаматтарға жүрекжарды алғысын білдірді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -