Ұлағатты ұстаз ұлықталды

1267

Ұлағатты ұстаз, тағылымды ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Рақыш Әмірдің 90 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазіргі қазақ тілі өркениет бәсекесінде: ЖОО  мен мектептегі білім беру үрдісінің  сабақтастығы» атты алқалы басқосу өтті.

Қыздар университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы, Мемлекеттік тілді дамыту институты мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты ұйытқы болған жиында ғалымның тіл білімі саласындағы еңбегі екшеліп, таразыланды.

Шараны оқу орнының Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Нұрғали Аршабеков ашып, еңбек жолын мектеп мұғалімдігінен бастаған Р. Әмірдің  ғибратты ғұмырын,  ғалымның еліміздің білім, ғылым саласына қосқан үлесі мен жеткен жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ ол мерейтой иесіне университет ректоры Гаухар Алдамбергенованың жолдаған құттықтауын жеткізді.

– Ғұмырының мазмұнды кезеңдерін, өнегелі өмірінің парасатты беттерін табиғи талантымен өрнектеген Рақыш Сәтұлын жұртшылық бүгінгі қазақ тіл білімі саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған көрнекті ғалым ретінде біледі. Ғылым мен білімнің қарашаңырағы Қазақ ұлттық университетінң қабырғасында еңбек ете жүріп, тіл мен діл тағдырын ұштастырған ұлағатты ойларыңыз бен парасатты пайымдарыңыз көзіқарақты қауымның жүрегіне жетті. Біздің буын қазақ әдебиетінің сардарлары Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаевты  жақсы біледі. Олар қазақ әдебиеті мен қазақ тіл білімі саласының ғылыми сипатын арттырып, аталған ғылымдардың өрісін кеңейтті. Сіз де еткен еңбегіңіздің арқасында ұлт ғылымының қалғымайтын сақшысына айналдыңыз. Сіздің өмір жолыңыз бен шығармашылық қызметіңізді – қазақ руханиятына қажырлы қызмет атқарудың айқын үлгісі деп білеміз. Осынау қуанышты күні мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін, – делінген құттықтауда.

Сондай-ақ жиын барысында Қазақ-Британ техникалық университетінің профессорлары М. Атабаева, Ж. Дәулетбекова, КИМЭП профессоры З. Ерназарова, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Н. Қапалбек, Сулейман Демирель атындағы университеттің оқытушысы Б. Хасен, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің профессор Хикмет Қораш және тағы да басқалар ғалымның «тіл теорияға емес, теория тілге қызмет етуі қажет» дейтін тұғырнамалық идеясын,  қазақ тілі пәнінің базалық мазмұнын құрудың жаңа жүйесін, нәти­жеге бағдарланған білім беру моделін жан-жақты талдады.

Сонымен қатар басқосуда Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті, Ташкент мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қазіргі жоғары білім беру жүйесі, мектеп байланысының заманауи модельдерін талқылады. Сондай-ақ профессор еңбектерінің оқу үдерісіне қалай еніп жатқанына ғылыми талдау жасады.

Дөңгелек үстел соңында Қыздар университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері «Ғибратты ғұмыр» тақырыбында бірнеше тілде челлендж жасады.

Жандар АСАН
Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

Международное информационное агентство «DKNews» зарегистрировано в Министерстве культуры и информации Республики Казахстан. Свидетельство о постановке на учет № 10484-АА выдано 20 января 2010 года.

Тема
Обновление
МИА «DKNews» © 2006 -