Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз қазақ киносының түп тамырын танитын және ол жайлы бәрін білетін тұлға. Гүлнара Әбікеева – жетекші отандық кинотанушы, өнертану докторы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті, Қазақстан және Орталық Азия кинематографиясы туралы он екі кітаптың және жинақтарда, альманахтарда, журналдарда, интернет-порталдарда және басқа да басылымдарда жарияланған жүздеген мақалалардың авторы, Кино саласындағы баспасөз өкілдерінің халықаралық қауымдастығының (ФИПРЕССИ) және Азия киносын ілгерілету ұйымының (НЕТПАК) мүшесі, көптеген халықаралық кинофестивальдердің қазылар алқасының мүшесі. 2005 жылдан бастап оның кәсіби тағдыры «Еуразия» кинофестивалімен тығыз байланысты – өткен кинофестивальдердің көпшілігінде ол арт-директор болды. Биылғы жылы Гүлнара Ойратқызы XVI «Еуразия» ХКФ бағдарламалық директоры.
– Гүлнара Ойратқызы, пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін қайта оралған «Еуразия» кинофестивалін қандай сезіммен қарсы алдыңыз?
– Әрине, қуаныштымы. Оның көптеген себептері де бар. Екі жыл бойы кинофестивальдің өткізілмеуі өте өткір мәселе. Егер биыл Еуразия өткізілмесе, әлем бізді мүлдем ұмытар еді. Мынадай сөз бар «билік жылдар бойы жиналып, бірнеше сәтте жоғалады». Оның фестивальдерге де қатысты бар десек артық айтқанымыз емес. Аймақтың жетекші фестивалі деген мәртебені сақтау керек, әлемге қызықты болу керек, біздің кино туралы мүмкіндігінше көбірек айту керек. Біздің кинофестивальдің мақсаттары мен міндеттері де осы.
– «Еуразия» кинофестивалі 16-шы рет өткізілейін деп отыр. Бұл мерейтой болмаса да, белгілі бір мағынада маңызды күн: осы жастағы адам жеке куәлік алады, егер қаласа, төлқұжат пен жүргізуші куәлігінің де иесі бола алады. Яғни, ол кәмелетке толу жолындағы бірінші кезең. Осылайша, алғашқы қорытындыларды шығаруға болады. «Еуразия» сияқты кинофестивальдің пайда болуы қазақ киносына қандай тиімділік берді?
– 1998 жылы кинофестиваль ашылғаннан бері жиырма жылдан асты, осы уақыт ішінде «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас бір буыны қалыптасты. Оларды «Еуразия буыны» деп атауға болады. Егер 2000-шы жылдардың басында фестивальде «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бағдарламасы өткізілсе, бүгінде қазақстандық кинематография осындай жоғары деңгейге жетіп, біз фестивальге жеке ұлттық конкурсты енгіздік. Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысқан және жеңген фильмдер де, кең аудиторияда сәтті шыққан картиналар да тартысқа түседі. Қазақстандық киноның бүгінде әлемнің барлық ірі кинофестивальдерінде көрсетілуі таңқаларлық емес пе?! 2022 жылы Берлиндегі кинофестивальдің Generation бағдарламасында Фархат Шәріповтың «Схема» картинасы жеңіске жетті, Венецияда Әділхан Ержановтың «Голиаф» және Эльдар Шибановтың «Тау пиязы», Токиода Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын»және Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмдері көрсетілді. Және бұл толық тізім емес. Біздің Қазақстанда әлемде бәсекеге қабілетті кино түсірілетін кез келді. Біздің ұлттық байқауымызға көптеген адамдар әлі қызыға қарайтын болады.
– «Еуразия» бір орында тұрмайды, жыл сайын дамып, жаңа қырынан танылуда. Жаңа фестиваль бұрынғылардан қалай ерекшеленеді және ұйымдастырушылардың қатысушылар мен қонақтарға қандай тосынсыйлары бар?
– Мен биылғы «Еуразия» кинофестивалінің басты айырмашылығы – ұлттық байқау өткізу екенін атап өттім. Бұл бағдарлама көптеген кинофестивальдерде қолданылады – мысалы, Салоники, Грецияда. Көрермендер халықаралық байқауды тамашалап қана қоймай, ұлттық байқаудың нәтижелерін күтеді, бұл кез-келген кинофестивальдің мерейін екі есе арттырады.
– Егер «фестивальдер фестивалі» өткізілсе, яғни «Еуразия» байқауына қатысқан ең жақсы фильмдер таңдалатын болса, ал Сіз қазылар алқасының мүшесі болсаңыз, ТОП-10-ға кіретін Сіздің жеке тізіміңіз қандай болар еді?
– Мен оннан бірге дейін тізіп көрсетпей-ақ қояйын, тек сүйікті кинокартиналарымды атап өтейін: «Бешкемпир» (Қырғызстан) Ақтан Арым Кубат, «Темір арал» (Иран) Мохаммад Расулоф, «Аңшылық» (Дания) Томас Винтерберг, «Бауыр» (Қазақстан) Серік Апрымов, «Керілген адырна» (Оңтүстік Корея) Ким Ки Дук, «Гүлденуде» (Грузия) Нана Эквтимишвили, «Көктемнің алғашқы нөсері» (Қазақстан) Ерлан Нұрмұхамбетов, «Он үш» (Грузия) Гела Баблуани, «Гастрабайтер» (Өзбекстан) Юсуп Разыков, «Қызғалдақ» (Қазақстан) Сергей Дворцевой.
– Биылғы жылы беделді кинофестивальдердің көпшілігі өтті, соның ішінде Канн, Венеция, Берлин. Сонымен қатар, пандемия жылдарында, мысалы, Венециядағы фестиваль мүлдем кейінге шегерілмеді, ал Канн фестивалін тек бір рет – 2020 жылы өткізуден бас тартты. Сіздің ойыңызша, жер шарының басты кинофорумдары соңғы екі жылда, «Еуразия» өткізілмеген уақыт аралығында, қандай үрдістерді анықтады?
– Жалпы, пандемия киноға айтарлықтай әсер етті – үрдістер (мысалы, артхаус) пессимистік сипатқа ие болды. Биыл мен Карловы Вары кинофестивалінің қазылар алқасында болдым және ұсынылған жұмыстардың қаншалықты депрессивті екеніне таң қалдым. Бір жағынан, бұл түсінікті, барлық адамдар үйлерінде қамалып, шектеулерге тап болды. Екінші жағынан, маған энергияның жинақталуы керек сияқты көрінді, сонда ғана кино бұл түнекті өз «жарығымен» жарып шыға алады. Әзірге ондай ештеңе болмады, алда не боларын көрейік.
– Қазір Халықаралық кинофестивальдер тек ерекше қойылымы мен арнайы эффектілер арқылы өзіне назар аудартатын коммерциялық кино теңізінде авторлық фильмдерді құтқаратын маңызды орынға айналды. Көптеген сарапшылар бірнеше жылдан кейін кино жоғары өнер ретінде кинотеатрлардан кетіп, өз орнын тек теледидар мен Интернетте сақтайды деген тұжырым білдіруде. Кең көрерменнің, егер мүмкін болса, «жалпыға ортақ емес» фильмдерге деген қызығушылығын қалай жандандыруға болады, немесе бұл тек риторикалық сұрақ па?
– Бүгінде барлығы дерлік Интернет немесе стриминг платформалар арқылы қол жетімді болғандықтан, фестивальдер, ең алдымен, бағыт-бағдар берушінің міндетін атқарады. Олардың арқасында көрермен қандай тек ойын-сауық үшін ғана емес, шынайы өмір мен өзіндік кино тілі бар туындыларды таниды. Осы қағида бойынша біз интеллектуалды, сапалы, ойластырылған, жан мен жүрекке әсер ететін киноны ұсына отырып, өз бағдарламамызды құрамыз.
– Сіз бүгін қазақ киносының қазіргі жай-күйі тақырыбын қозғадыңыз. Соңғы уақытта тағы қандай қызықты фильмдер шықты және халықаралық кинематографиялық қоғамдастықпен ынтымақтастық қалай дамып келеді, қазір бірлесіп шығарылатын жобалар бар ма?
– Қазір біздің көз алдымыздағы қазақ киносының өрлеуі бұрын-соңды болмаған нәрсе. Өкінішке қарай, кинопрокатта бұл жоғары сапалы кино көрінбейді, себебі, прокаттаушылар ойын-сауыққа бағытталған, орташа сападағы фильмдерге көп назар аударады. Сондықтан «Еуразия» кинофестивалі өзіне тағы бір міндет алады – біздің көрермендерімізді, шетелдік журналистер мен кинофестивальге фильм іріктеушілерді қазақ киносының негізгі жетістіктерімен таныстыру. Көптеген мысалдар бар. Сәбит Құрманбековтің «Боран» картинасы – патриотизм мен геосаясат туралы байыпты ойды жеткізеді. Дархан Төлегеновтің «Ағалар» картинасы – библиялық астарлы әңгімемен шектесетін әлеуметтік драма. Фархад Шәріповтің «Схемасы» - жастар арасындағы жезөкшелік мәселесін көтеретін керемет психологиялық туынды. Әділхан Ержановтың «Оқу іздеген Адемока» фильмі білім адамның еркіндігі мен тәуелсіздігіне қалай әсер ететіндігін баяндайды. Жалпы, қазақстандық кино, менің ойымша, әлемдік кинофестивальдерде лайықты ұсынылған және өте жоғары беделге ие. Бірақ ко-продукциялар жеткіліксіз, бұл да «Еуразияның» бірнеше жыл бойы өткізілмегендігінің салдары.
Сұхбат алған Владимир Какаулин