Алматыда XVI халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды. Кинофестивальдің ресми ашылу салтанатында «Еуразия» ХКФ халықаралық байқауының қазылар алқасының төрағасы белгілі режиссер, сценарист және продюсер Әли Хамраев іс-шараның киноиндустрия үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
«Еуразия кинофестивалі өмір сүреді - бұл ең бастысы. Бүгінгі кездесу соның айқын дәлелі. Біз бұл кинофестивальді сағындық. Еуразия кинофестивалінің ғұмыры ұзақ болсын! Халықаралық кинофестивальге сәттілік тілеймін! Қазақстан жетістіктерге жете берсін!» Әли Хамраев
Айта кету керек, кинофестиваль екі конкурстық бағдарламаны қамтиды: Халықаралық конкурс (соңғы 12 айда Еуразия континенті аумағында түсірілген 15 толықметражды фильм) және Ұлттық конкурс (2021-2022 жылдары шығарылған 15 отандық толықметражды фильм). Екі байқауда да жеңімпаздар келесі бес номинация бойынша анықталады: Үздік фильм, Үздік режиссерлік жұмыс, Үздік ерлер рөлі, Үздік әйелдер рөлі және қазылар алқасының арнайы жүлдесі.
Айта кетейік, белгілі отандық кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов XVI «Еуразия» ХКФ президенті болып сайланған.
Конкурстан тыс бағдарламаға: мерейтойлық фильмдерді, сондай-ақ фестивальдің ашылу және жабылу фильмдерін қоса алғанда, әртүрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлерінің фильмдерінің ретроспективасын ұсынатын « Ерекше оқиға» бағдарламасы; заманауи қысқа метражды қазақстандық киноға арналған «Жаңа есім» бағдарламасы енген. Онда 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрсетілімі болады.
Фестиваль аясында өткізілетін іс – шаралар қатарына өндіріс сатысында тұрған отандық киноленталарды таныстыратын Work-In-Progress бағдарламасы кірген.
Толығырақ ақпаратты, оның ішінде көрсетілімдер кестесін, шеберлік сағаттары, баспасөз конференцияларын, дөңгелек үстелдерді мына сілтеме бойынша біле аласыз.