Репрессия және Ахмет Байтұрсынұлы: Анкарада халықаралық ғылыми конференция өтті

12606

2022 жылдың 8-желтоқсанда Қазақстан Елшілігі, Анкара Қажы Байрам Вели университеті және Еуразия жазушылар одағы бірлесе отырып, Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Репрессия және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өткізді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Іс-шараның ашылуында Анкара Қажы Байрам Вели университетінің проф.док. Наджие Ата Йылдыз бен проф.док. Гүлжанат Курмангалиева-Ержуласун, Памуккале университетінің проф.док. Нергиз Бирай, Еуразия жазушылар одағының төрағасы доц.док. Якуп Өмероғлу, Елшіліктің кеңесшісі Мерей Мұқажан, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанындағы «Қыр баласы» қоғамдық қорының төрағасы Занғар Кәрімхан сөз сөйледі.

Алқалы жиында алаштанушы және турколог ғалымдар тіл реформаторы Ахмет Байтұрсыновтың азаттық жолындағы күресі, тіл саласына қосқан үлесі мен оның шығармалары туралы ғылыми түрде баяндамалар тыңдалды.

Памуккале Университеті профессоры Нергиз Бирай өзінің баяндамасында түркі тілдес мемлекеттердің көбі репрессияға ұшырап отырғанын, солардың арасында зардап шеккен қазақ халқының зиялы қауымы, оның бірі Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлғалар екенін атап өтті. Н.Бирай сөзінің соңында қазіргі зиялы қауымның міндеті сол кездегі ақын-жазушылардың ойлары мен еңбектерін келешек ұрпаққа түсіндіру, өмірлік қағидалары жайлы жан-жақты ақпарат беру керектігін, бұл тұлғалар түркі әлемінің ағартушылары болып табылатынын атап өтті.

Анкара Хажы Байрам Вели университетінің проф.док. Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун өзінің баяндамасында «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне назар аударып, тарихшы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, ғылыми еңбектері, қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесі жайында баяндады.

Еуразия Жазушылар одағының төрағасы доц.док. Якуп Өмероғлу өзінің сөзінде «Алаш» қозғалысы Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың, дамудың көшбасшы бағыты болып табылатынын, сол кездегі Ахмет Байтұрсынов сынды белгілі Алаш қозғалысының белсенді мүшелеріне жасалған репрессияны барлық түркі әлемінің зиялы қауымына жасалған қастандық деп қабылдау керектігін атап өтті.

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанындағы «Қыр баласы» қоғамдық қорының төрағасы Занғар Кәрімхан өзінің баяндамасында А.Байтұрсынұлы – 20 ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, қазақтың әліпбиін қолданысқа енгізіп қазақ тілінің аясын кеңейткенін және қазақ халқының тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол кездегі дамыған елдермен терезесі тең болуы үшін жүргізген күресі мен еңбектеріне тоқталып өтті. З.Кәрімхан сөзінің соңында «Қыр баласы» қоғамдық қорының атынан Түркияда алаштану ғылымына елеулі үлес қосып жүрген ғалымдарды марапаттады.

Конференцияның екінші бөлімінде Ерзинжан Биналы Йылдырым университетінің доц.док. Айнұр Ноғаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доц.док. Гүлгаз Сағынадын, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің докторанты Елдос Тоқтарбай, «Қыр баласы» қоғамдық қорының қызметкері Данияр Ихсан ұлт ұстазының шығармаларына ғылыми тұрғыда жүргізген зерттеу жұмыстарымен бөлісті.

Іс-шара барысында А.Байтұрсыновтың иллюстрациялық суреттерінен құралған арнайы көрме ашылды.

Конференцияның соңында түрік оқырмандарына арналған «Ұлт мектебінің жүрегі - Ахмет Байтұрсынұлы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған кітапта Ахмет Байтұрсынұлының сараптамалық 14 мақаласы жарияланған. Батыс пен шығыстың деректеріне сүйене отырып жазылған кітапта Алаш қозғалысының пікірі, сирек кездесетін архивтік деректері берілген.

Аталған іс-шара туралы ақпарат жергілікті БАҚ-пен және Қазақстанның «Хабар-24» телеарнасында жарияланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -