Қазақстандық азаматтар шекарадан өткеннен кейін 30 күн ішінде Қытай аумағында визасыз болу мүмкіндігіне ие болады. Қазақстанға келген қытай азаматтарына да осындай жағдайлар жасалатын болады. Тиісті қаулыны әзірлеуді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі орындады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаулы туризм, емдеу, транзит немесе іскерлік кездесулер мақсатында көрші елге кірген кезде паспорты бар екі елдің азаматтарын визалық талаптардан 30 күнге дейін босатуды көздейді. Жалпы алғанда, азаматтар басқа елде 180 күндік мерзім ішінде 90 күн визасыз бола алады.
Егер Қазақстан немесе Қытай азаматтары елде көрсетілген мерзімнен ұзағырақ қалуға ниет білдірсе, олар шекарадан өткенге дейін виза алуы тиіс.
Сондай-ақ, құжат екі тараптың да Қазақстан мен Қытай заңдарына сәйкес Ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету немесе халықтың денсаулығын сақтау мүдделері үшін көрші мемлекеттің азаматтарына келуден немесе тұруға құжаттар беруден бас тартуға құқығы бар екенін көрсетеді.
Келісімге қол қою ағымдағы жылдың мамыр айында ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қытайға сапары барысында жоспарланған. Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Құжаттың мәтіні "Ашық НҚА" порталында жарияланды және 26 сәуірге дейін талқыланады.
Қазір Қытайға барғысы келетін қазақстандықтарға стандартты құжаттар пакетін: паспортты, фотосуретті, толтырылған сауалнаманы, сақтандыруды, тұрғын үйді брондау туралы ақпаратты, авиабилеттерді, туристік фирма немесе қонақ үймен ресімделген шақыруды ұсына отырып, туристік визаны ресімдеу талап етіледі. Құжаттар тізімі сапардың мақсатына байланысты өзгеруі мүмкін.
Өткен жылдың шілде айында Қазақстан Қытай, Үндістан және Иран азаматтары үшін 14 күн мерзімге визасыз режим енгізді. Осы елдердің азаматтары үшін визасыз режим бойынша Қазақстанда болудың жиынтық мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 42 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Ағымдағы жылдың басында Қазақстан мен Өзбекстан өз азаматтарының тіркеусіз екі елдің аумағында болу мерзімін 30 күнге дейін ұлғайтты.