ТҮРКСОЙ – 30 жыл: нәтижелері мен болашағы

54252
Фотосурет: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасы

2023 жылғы 3 мамырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің кітапханасында Халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен (ТҮРКСОЙ) бірлесіп ұйымдастырылған «ТҮРКСОЙ – 30 жыл: нәтижелері мен болашағы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара түркі әлемінің өміріндегі айтулы оқиға – ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орайластырылды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өзінің сөзінде атап өткендей, ТҮРКСОЙ-дың бірегей рөлі түркі мемлекеттері интеграциясының өзегі болып, оның институционалдық негізін қалауда. Оның айтуы бойынша, ТҮРКСОЙ-дан кейін Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Халықаралық түркі академиясы, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасының қоры, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы құрылды.

Дөңгелек үстелге қатысу үшін Астанаға арнайы келген ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев бұл іс-шара биылғы жылы ұйым мерейтойына орай барлық түркітілдес мемлекеттерде өтетін ресми мерекелер циклін ашатынын мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов Қазақстанның түркі әлемін біріктірудегі идеологиялық дем берушілердің бірі ретіндегі рөлін атап өтіп, ведомствоның мемлекетаралық деңгейде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы жақын арадағы жоспарлары туралы айтты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыштың айтуынша, бүгінде түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы аталып кеткен ТҮРКСОЙ ұйымы түркі мемлекеттерінің әлемдік аренадағы халықаралық ұстанымдарын нығайтуға зор үлес қосуда.

Өз кезегінде Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева түркі халықтарының жақындасуын одан әрі жалғастыру үшін олардың тарихи-мәдени мұрасын жүйелі ғылыми тұрғыдан зерттеп, насихаттаудың маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасы Милли Межлисінің депутаты Хикмат Мамадов, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы, Халықаралық түркі академиясының президенті Шахин Мұстафаев түркі елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың жай-күйі мен даму перспективалары туралы өз көзқарастарымен бөлісті.

Дөңгелек үстел соңында түркі әлемінің интеграциялану үдерісіне үлес қосқан түркітілдес елдердің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне «ТҮРКСОЙ-ға 30 жыл» мерейтойлық медальдарын табыстау рәсімі өтті.

Бұған қоса, іс-шара аясында түркітанушы ғалымдардың еңбектерін ұсынатын кітап көрмесі және Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының 30 жылдық жолының негізгі кезеңдерін көрсететін фотосурет көрмесі ұйымдастырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -