2023 жылдың сәуір айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер сақталды. Алайда, қаржылық тұрақтылыққа төнген сын-қатерлер, инфляцияның жоғары көрсеткіштері және геосаяси қақтығыстардың ықпалынан туындаған белгісіздік – әлемдік экономиканың даму келешегіне әсер етіп отыр.
Әлемдегі және Қазақстандағы іскерлік белсенділік оң аймақта сақталуда
2023 жылғы екінші тоқсанның басында жаһандық экономиканың өсу қарқыны жеделдей түсті. Іскерлік белсенділіктің жаһандық композиттік индексі (J.P.Morgan Global Composite Output Index) сәуір айында 2021 жылғы желтоқсан айынан бастап максималды мән – 54,2-ге дейін өсті, үш ай қатарынан 50,0 деген бейтарап белгіден жоғары болды. Өндіріс пен жаңа тапсырыстардың өсуі, тиісінше, 2021 жылдың желтоқсан және 2022 жылдың наурыз айынан бастап максимумға жетті. Жұмыс орындарын құру мен бизнес салада да оптимизм өсті.
Аздаған баяулауға қарамастан, Қазақстанда сәуір айында іскерлік белсенділік оң аймақта қалып, 51,2 болды. Өндірісте индекстің теріс аймақ – 49,6 мәніне өтуі, сондай-ақ құрылыста іскерлік белсенділіктің 50,4 мәніне дейін баяулауы көрсеткіштің бәсеңдеуіне әсер етті. Қызмет көрсету секторында 52,0 мәніне дейін жақсара түскені байқалды.
Америка Құрама Штаттары мен Еуроодақтың болжамдарды көтеруіне қарамастан, биыл сәуір айында Халықаралық Валюта Қоры жаһандық экономиканың өсу болжамын 2,8%-ға дейін төмендетті. Әлемдік экономиканың өсуіне Қытай мен Үндістан елеулі үлес қосады.
Халықаралық Валюта Қоры Қазақстанның сауда әріптес елдері бойынша 2023 жылға арналған экономикалық өсу болжамын Еуроаймақ бойынша 0,7%-дан 0,8%-ға дейін және Ресей бойынша 0,3%-дан 0,7%-ға дейін арттыру жағына қайта қарады. Қытай бойынша ЖІӨ өсу болжамы 5,2% деңгейінде, Қазақстан бойынша 4,3% деңгейінде сақталды.
Сыртқы нарықтардағы қаржылық тұрақтылық тәуекелдері сақталуда
2023 жылдың басынан бастап дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 9,0%-ға өсті, Америка Құрама Штаттарының 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,42%-ға дейін төмендеді. АҚШ долларының индексі 1,8%-ға әлсіреді.
Америка Құрама Штаттарындағы өңірлік банк дағдарысы қаржы нарықтарына қысым көрсетіп, саланың шоғырлануына алып келеді. Кезекті First Republic проблемалық банкінің активтерін JP Morgan банкі сатып алды.
Америка Құрама Штаттарының Федералдық Резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық Банкі тұрақты инфляцияға байланысты мамыр айында базалық мөлшерлемелерді 0,25 пайыздық тармаққа көтерді. Ал нарықтар Федералдық Резервтік жүйенің жақын арада мөлшерлемелерді төмендетуге көшуін күтеді.
Қазақстан Республикасындағы инфляция Ұлттық Банктің болжамына сәйкес қалыптасуда
Қазақстандағы инфляция ақпан айында жылдық мәннің шарықтау шегіне жеткеннен кейін (21,3%) сәуір айында 16,8%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келеді. Оған азық-түлік бағасы көптеп үлес қосып, жылдық мәнде 17,9%-ға дейін баяулады. Ақылы қызметтердің инфляциясы да 13,7%-ға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық баға индексі 18,2%-ға өсті.
Жылдық инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляцияның айлық көрсеткіштері құбылмалы болып, сәуір айында әлі де 2017-2021 жылдар аралығындағы орташа мәннен асып отыр. Тұрақсыз инфляциялық күтулер, мемлекеттік шығыстардың үздіксіз ұлғаюы, сонымен бірге, жанар-жағармай нарығы мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінде уақыты келген реформаларды іске асыра бастау түріндегі ішкі проинфляциялық факторлар сақталып, жүзеге аса бастады. Факторлардың жиынтық балансы орта мерзімді перспективада инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтауды айқындайды. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі іс-әрекеттер мамыр айындағы жаңа деректерді ескере отырып жаңартылған болжамға байланысты болады.
Теңгенің айырбастау бағамының нығаюы
Жыл басынан бастап сәуір айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 453,21 теңгеге дейін 2,0%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Жыл басынан бастап ұлттық валютаның нығаюы «салық кезеңі» факторына және шетелдік инвесторлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына кіруімен байланысты болды. Бейрезиденттерге тиесілі салымдардың көлемі жыл басынан бері 126 млрд теңгеге ұлғайды.
Қаңтар-сәуір айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,3 млрд доллар сомасына валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,1 млрд доллар мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату теңгеге қолдау көрсетті.
Жыл басынан бері ұлттық валютаның нығаюы бірнеше факторға байланысты болды. Біріншіден, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың ағыны байқалады. Бейрезиденттердің салымдары көлемі жағынан жыл басынан бері 126 млрд теңгеге ұлғайды (28 сәуірдегі жағдай бойынша).
Екіншіден, қаңтар-сәуір айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,3 млрд АҚШ доллары сомасына валюталық түсімді сатуы және ҰҚ-дан республикалық бюджетке 2,1 млрд АҚШ доллары мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы теңгеге қолдау көрсетті.
Қысқамерзімді перспективада теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
Ұлттық Банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады.
Мұнай бағасының төмендеуі және импорттың жоғары деңгейі ағымдағы шот дефицитін тудырды
Алдын ала деректер бойынша, 2023 жылдың 1-тоқсанында төлем балансының ағымдағы шоты дефицитпен қалыптасып, 1,6 млрд доллар болды. Оң ағымдағы шоттың теріс аймаққа ауысуы, ең алдымен, сауда балансындағы профициттің төмендеуіне байланысты. Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша 58,3%-ға төмендеп, 5,1 млрд долларды құрады. Бұл, өз кезегінде, экспорттың қысқаруы мен тауар импортының ұлғаюына байланысты.
Тауар экспорты төлем балансының әдіснамасы бойынша мұнай, қара металл мен түсті металдар және астық экспортын қысқарту есебінен 18,8 млрд долларға дейін қысқарды.
Тауар импорты, негізінен, азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық және аралық тауарларды әкелудің өсуінен 13,7 млрд долларға дейін өсті.
Импорттың айтарлықтай өсуіне қайта өңдеу тауарларына қатысты ішкі өндірістің болмауы себеп.
Халықаралық резервтердің динамикасы
Жалпы халықаралық резервтер (алтын-валюта резервтері + Ұлттық қор активтері) сәуір айының соңында 96,3 млрд долларды құрады.
Алтын-валюта резервтері сәуір айының қорытындысы бойынша алтын бағасының өсуіне және Үкіметтің шоттарындағы қаражаттың ұлғаюына байланысты 37,6 млрд долларға дейін 1,5 млрд долларға ұлғайды.
Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері сәуір айында акциялар портфелінің өсуіне байланысты 58,7 млрд долларға дейін 0,5%-ға ұлғайды.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке 393 млрд теңгеге трансферт бөлу үшін сәуір айында 600 млн АҚШ доллары мөлшерінде, яғни, 271 млрд теңгені құрайтын Ұлттық қордың активтері сатылды. Қорға өткен айда түскен жиынтық түсім мөлшері 292 млрд теңгені құрады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің динамикасы
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1 трлн теңгеге немесе 7,2%-ға ұлғайып, сәуір айының соңында 15,7 трлн теңгені құрады.
Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 482 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 664 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 81,8 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – шамамен 47 млрд теңге болды.
Виталий Тутушкин, ҚҰБ Төрағасының орынбасары