Қытайдың Шанхай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері заң университеттері қауымдастығының форумы өтуде. Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін халықаралық құқықтық дайындық және ынтымақтастық орталығының құрылғанына он жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форум Шанхай саяси-заң университетінің базасында өтуде. Салтанатты шарада университет ректоры, ШЫҰ (ҚХР) үшін халықаралық құқықтық дайындық және ынтымақтастық орталығы аппаратының басшысы Лю Сяохунь ханым сөз сөйледі. Сондай-ақ форум қатысушыларының алдында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен ұжымы атынан университет ректоры Жансейіт Түймебаев баяндама жасады. Ректор ШЫҰ елдерінің жан-жақты ынтымақтастығын жақсарту және әлеуметтік-экономикалық, құқықтық өзара іс-қимылын нығайту үдерісіндегі жетекші университеттердің атқарар рөлін ерекше атап өтті.
Бүгінде ҚазҰУ өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, ШЫҰ елдерінің (Қытай, Ресей және Орталық Азия) университеттерімен ғылыми және білім беру кеңістігін дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқаруда.
ҚазҰУ Тұрақты даму мақсаттарының «Академиялық ықпал» БҰҰ бағдарламасының Жаһандық хабын басқарады. Университет Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты. ЖОО базасында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді, ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жұмыстары жүріп жатыр.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сиань қаласына мемлекеттік сапары аясында ҚазҰУ-дың ҚХР жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін құжаттарға қол қойылды. ҚазҰУ жаңа Жібек жолы университеттері альянсының үйлестіру комитетінің мүшесі болып табылады және қазіргі заманғы IT технологияларды қолдана отырып, білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асырады.
ҚазҰУ мен Қытай университеттері арасында академиялық ұтқырлық бағдарламасының аясы кең. Оның негізінде ҚазҰУ-да 401 қытайлық студент білім алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия университеттерімен тығыз байланыс орнатқан. ШЫҰ университеттерімен ҚазҰУ-дың заң факультеті арасындағы ынтымақтастықты ерекше атап өткен жөн.
ҚазҰУ-дың заң факультеті халықаралық және өңірлік ынтымақтастыққа қатысатын белсенді құрылымдық бөлімшелердің бірі болып табылады. Факультет Пенсильвания университетімен (АҚШ), Висмар университеті (ГФР) және Баку мемлекеттік университетімен (Әзірбайжан) қосдипломдық бағдарламалар бойынша мамандар даярлауда.
«ШЫҰ елдерінен заң факультетінде Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстаннан 155 студент білім алады. Факультет ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми зерттеулерінің, сондай-ақ көптеген халықаралық ғылыми жобалардың белсенді қатысушысы болып табылады. Мәселен, заң факультетінің ғалымдары ШЫҰ-ға арналған заң қызметтері жөніндегі комиссия жанындағы алмасу және ынтымақтастық орталығының бас хатшысы Цзян Сыюан мырзаның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының конституциялық заңнамасы мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың жай-күйіне көлемді ғылыми шолуды аяқтады. Мен осы жұмысқа қолдау көрсетіп, одан әрі ынтымақтастыққа үміттенеміз» ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев
Сондай-ақ ол өз сөзінде ШЫҰ университеттерін саралау көрсеткіштері мәселелерін де қозғап, ШЫҰ елдері университеттерінің рейтингін әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ аясындағы жоғары білім саласындағы интеграцияға байланысты мәселелер мен оның шешу жолдары атап өтілді.
Сөз соңында ҚазҰУ ректоры келесі жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетінін айтып, аталған шара аясында ШЫҰ елдерінің заң жоғары оқу орындары қауымдастығының келесі отырысын Алматы қаласында, ҚазҰУ базасында өткізуді ұсынды.
Форум аясында жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша кеңес және панельдік отырыстар өтті.