Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресей халықтар достығы университетінің (РУДН) ғылым жөніндегі проректоры Андрей Костин бастаған делегациясы арнайы жұмыс сапарымен келді. Құрметті қонақтар алдымен ҚазҰУ базасындағы зертханаларды аралап, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кейін делегация мүшелері университет басшылығымен кездесіп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Жүздесуде Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева меймандарға ҚазҰУ жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.
«Бізді Ресей халықтар достығы университетімен табысты ынтымақтастық біріктіреді. Алдағы уақытта да бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау, сонымен қатар оқытушылар мен студенттерді алмасу бағытында әріптестік жалғаса береді» Ләззат Еркінбаева
Өз кезегінде Ресей халықтар достығы университетінің ғылым жөніндегі проректоры Андрей Костин бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Кездесуде қос тарап өз пікірлерін ортаға салып, екі университет ынтымақтастығының даму бағыттарын талқылады.