Қытай ғылым академиясының Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институтының (TIB CAS) ғалымдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар аясында биология және биотехнология факультетінің деканы Меруерт Құрманбаева Bio-Agriculture TIB CAS тобының бас үйлестірушісі, профессор Чжиюнг Хуанг және қауымдастырылған профессор Джинджин Вангпен кездесіп, биотехнология саласындағы тәжірибе алмасу мен екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институты (TIB) – жоғары өнімді скрининг, жүйелік биотехнология, ферменттеу процесін оңтайландыру, эксперименттік сынақтар және геном синтезі үшін заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған ірі ғылыми орталық.
Биология және биотехнология факультетінің деканы, профессор Меруерт Құрманбаева: «Мемлекетаралық бағдарламалар аясында ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мен TIB CAS сынды ірі ұйыммен халықаралық ынтымақтасу факультет үшін үлкен маңызға ие», – дей келе, бұл өз кезегінде екі тараптың жоғары биотехнология саласында өзара тиімді жобаларды іске асыруға, ортақ нәтижеге қол жеткізуге және ынтымақтастық байланыстарының кеңеюіне септігін тигізеді деп атап өтті.
Бүгінде биология және биотехнология факультеті TIB CAS-пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді мақсат етеді. Сондықтан бұл сапар отандық ғылымның жаһандық деңгейде дамуына ықпал ететін ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтудың бастамасы болмақ.
Сапардың басты мақсаты – Tianjin SynBio бағдарламасының қолдауымен Bio-Agriculture саласында бірлескен зерттеулер жүргізу. Биология және биотехнология факультетінің жас ғалымдары биология ғылымының кандидаты, доцент Әсемгүл Сәдуақасова және PhD Меруерт Бауенованың жетекшілігімен синтетикалық микробтық тыңайтқыштар мен биопестицидтерді зерттеу және дамыту атты жобалар саласында Tianjin SynBio бағдарламасы бойынша қаржыландыру ұтып алды. Бұл жобалар екі ел үшін де жоғары стратегиялық маңызға ие. Ауылшаруашылық технологияларына, атап айтқанда: күріш өсіруге биотыңайтқыштарды енгізу ауыл шаруашылығы жүйелерінің тұрақтылығын арттырудың, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтудың және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттырудың негізгі элементі болып табылады. Осы жобаларды жүзеге асыру мақсатында Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институтының ғалымдары тәжірибе нәтижелерін талдау үшін Қазақстанның күріш алқаптарына барды.
Сондай-ақ Bio-Agriculture тобының бас үйлестірушісі, профессор Чжиюнг Хуанг TIB CAS институтының бүгінгі қызметі мен агробиотехнология саласындағы әзірлемелері және ғылыми зерттеу салаларымен жан-жақты таныстырып, жас ғалымдар мен студенттерге дәріс оқыды. Сондай-ақ ол ғалымдардың бірлескен зерттеулерге қосқан үлесін ерекше атап, бұл бағыттағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығына тоқталды.
Жүздесу соңында Тяньцзинь өнеркәсіптік биотехнология институтының ғалымдары ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттары және зертханалар жұмысымен арнайы танысып, университет кампусын аралады.