Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) халықаралық көрме орталығында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығы Қытай Халық Республикасының ШҰАА Халық Үкіметімен бірлесіп ұйымдастырған «ШЫҰ 2023 – «Туризм жылы» форумы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға үш жүзден астам туристік ұйымдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және бизнес құрылымдардың өкілдері, туризм саласындағы сарапшылар және мүше мемлекеттердің, бақылаушы елдердің және диалог бойынша серіктестердің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында қазақстандық делегация басшысы – ҚР Туризм және спорт Вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысушыларға Қазақстан 2023-2024 жылдар аралығында Ұйымға төрағалық ететін мемлекет ретінде ШЫҰ шеңберінде туризм саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін айтты. Осы тұрғыда ол Алматының ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланғанын атап өтті. 2024 жылы Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы аясында ҚР туристік әлеуетін ілгерілетуге ерекше назар аударды.
ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин 2021 жылдан бастап ынтымақтастықтың негізгі тақырыптық бағытын айқындау, яғни Ұйым шеңберінде тақырыптық жылды жариялау мақсатында ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің әр күнтізбелік жыл сайын шешімдер қабылдау оң үрдіске айналғанын атап өтті. Осыған орай, 2023 жыл «Туризм жылы» аясында осы форум ұйымдастырылды.
Форум аясындағы көрме кезінде ұлттық нақыштағы қазақстандық бұйымдар ұсынылып, туризм саласында тәжірибе алмасу үшін B2B/B2G алаңдары ұйымдастырылды. Қазақстандық делегация құрамына Алматы қаласы мен Ақмола облысының туризм басқармаларының басшылары, сондай-ақ қазақстандық туроператорлар кірді.