Оңтүстік Африкада Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оңтүстік Африка астанасында Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен осы бағыттағы перспективаларын зерттеуге арналған бизнес-семинар өтті. Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға оңтүстікафрикалық бизнес-қауымының жүзден астам өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Еркін Ахинжанов еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, болашағы бар салалар, соның ішінде жасыл энергетика, технология, ауыл шаруашылығы және туризм салаларына тоқталды. Іс-шара барысында қатысушыларға «Kazakh Invest» пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы ақпарат берілді.
Қазақстан Елшісі бизнес-семинарға қатысушыларды елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.
Осы семинардың арқасында Қазақстандағы инвестициялық ортаның ашықтығы және айқындығы тағы бір мәрте атап өтілді. Бизнес-климатты жақсарту жөніндегі мемлекеттік бастамалар мен шетелдік инвестицияларды тарту бойынша қабылданған шаралар айтылды. Семинарға қатысушылар даму мүмкіндіктері туралы кең түсінікке ие болды.
Іс-шара аясында қонақтарға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен көрікті жерлері туралы бейнеролик көрсетіліп, еліміздің әр өңірінен фотосуреттер қойылған фотокөрме ұсынылды.