«Қытайдағы Қазақстанның мәдениет күні» аясында ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі ҚХР Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қытайдың ұлттық орындаушылық өнер орталығында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының концертін ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Концерттің ашылу салтанатында Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, ҚХР Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Жао Цюань және Қытайдың мемлекеттік үлкен театрының директоры Ван Нин сөз сөйледі.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде қонақтарды екіжақты ынтымақтастықтың негізгі жетістіктері туралы хабардар етіп, Қазақстан мен Қытай халықтарын байланыстыратын терең тарихи негіз бар екендігін атап өтті. Әсіресе Қазақстан мен Қытайдың шығармашылық ұжымдарының мәдени-гуманитарлық алмасуы мен өзара концерттерін жандандыруға ерекше назар аударылды.
«Жақында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарын өзара құру туралы қол қойылған келісім екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосатыны сөзсіз» Шахрат Нұрышев
Жао Цюань өз сөзінде Қазақстан Қытайдың жақын досы және сенімді серіктесі екеніне ерекше көңіл аударды. Сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени өзара іс-қимылдың өсуін және бұл екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға қосымша серпін беретінін атап өтті.
Ван Нин Қытайдың мемлекеттік үлкен театры екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосуға дайын екендігі туралы мәлімдеді.
Концерт бағдарламасына «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» би ансамблі, дәстүрлі орындаушылар Ерлан Рысқали, Клара Төленбаева, Медет Салықов, Раушан Оразбаева, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов, Әлішер Кәрімов пен Рухия Байдүкенова сияқты танымал әншілердің өнер көрсетуі кірді. Әртістер Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев және басқа да атақты қазақ ақындары мен халық композиторларының танымал шығармаларын орындады.
Қытайдың мемлекеттік үлкен театры қонақтарды толық залмен қарсы алды. Көрермен ретінде ШЫҰ Бас хатшысы, Бейжің қаласында аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, қандастар, ҚХР-дың іскер топтары, Қытайдың мемлекеттік органдары мен шығармашылық зиялыларының өкілдері және қазақстандық студенттер қатысты.