Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Саха Республикасына (Якутия) жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаевпен кездесу барысында ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Соңғы жылдары тауар айналымының айтарлықтай өскені байқалады. Егер пандемияға дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш жылына 3-4 миллион доллардан аспаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш рекордтық 80,6 миллион долларды, ал 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 118,6 миллион долларды құрады.
Екіжақты байланыстардың дамуына Айсен Николаевтың қаңтардағы Қазақстанға сапары және оның ел басшылығымен келіссөздері күшті серпін берді. Биылғы жылдың басынан бері Якутиядан Қазақстанға бірнеше іскерлік миссиялар жүзеге асырылды. Өнеркәсіптік кооперацияда, ауыл шаруашылығында, IT секторында және шығармашылық индустрияда ынтымақтастық табысты дамып келеді. Атап айтқанда, сапар аясында Дәурен Абаев Қиыр Шығыстағы цифрлық контентті өндіру бойынша алғашқы шығармашылық кластер "Еңбек кварталында" болды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтан бөлек, мәдени-гуманитарлық жобалар да белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Күзде Қазақстанда Саха (Якутия) Республикасының Мемлекеттік циркінің гастролі және Якут кинематографиясының күндері өтті. "Қазақфильм" мен "Сахафильм" кинокомпаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жақын күндері Астанада С.А.Зверев атындағы Саха (Якутия) Республикасының Ұлттық би театрының "Кыыл Уола" спектаклі өтеді.
2024 жылы Қазақстанда Якутия күндерін өткізу жоспарлануда, Якутияда қазақстандық спортшылар қатысатын VIII жазғы "Азия балалары" халықаралық спорттық ойындары өтеді.
Бір мыңнан астам адамды құрайтын Якутия қазақ диаспорасы екі бауырлас халықты байланыстыратын достық көпір болып саналады. Дәурен Абаев пен отандастар арасындағы кездесуде өзара іс-қимылдың түрлі аспектілері мен бірлескен гуманитарлық жобалар талқыланды.
Сапар соңында Елші "Қыс Якутиядан басталады" фестивалі аясындағы Жаңа жылдық шыршаны жағу рәсіміне қатысты және ұлттық күрестен "Саха Арена-9" республикалық командалық турнирге қатысты.