Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ыстамбұлдағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСЕК) 39-шы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шараның ресми ашылу рәсімі 4 желтоқсанда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның қатысуымен өтті.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) 57 елді біріктіретін ең ірі ресми үкіметтік мұсылман халықаралық ұйымы болып табылады. Бүгінде ИЫҰ елдері төрт құрлықты - Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтитын әлем халқының төрттен бір бөліктен астам құрайды. Соңғы 3 жылда мүше мемлекеттер арасындағы жалпы тауар айналымы $3,7-ден $4,5 трлн-ға дейін ұлғайды.
Отырыс барысында қатысушы елдердің министрлері ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде сауда мен ауыл шаруашылығындағы күш-жігерді талқылады.
Айта кетейік, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылуда. Соңғы бес жылда еліміз ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін екі есеге арттырып, ИЫҰ мүшелерімен осы бағытта белсенді жұмыс жасап, оны әлемнің 80-нен астам еліне экспорттауда.
«ИЫҰ елдері Қазақстанның белсенді сауда-экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. 2023 жылдың 9 айында біздің тауар айналымымыз $12,5 млрд. құрады ИЫҰ елдеріне қазақстандық өнімнің экспорты жалпы тауар айналымының жартысынан астамын құрайды - $8,4 млрд. Біз Ұйымның барлық қатысушыларының көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге біріктіру күш-жігерін біріктіруіміз қажет» Арман Шаққалиев
Өз сөзінде ҚР Сауда және интеграция министрі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркия Республикасының Президентіне алғыс айтып, Түркия ИЫҰ елдерімен барлық тауар айналымының 35%-ын құрайтын Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып табылатынын атап өтті.