Ыстанбұлда қазақ қауымының негізі шоғырланған Зейтінбұрны және Бағжылар аудандарында домбыра үйірмелері ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жоба Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының үйлестіруімен ұйымдастырылып, Зейтінбұрны және Бағжылар аудан әкімдіктері, «Отандастар» және «ÖzgeEpic» қорлары мен «Borusan Cat» компаниясының қолдауларымен жүзеге асырылды. Үйірмелер Зейтінбұрнындағы Абай атындағы орта мектеп пен Бағжылардағы Хасан Наил Жанат білім үйі мен мәдениет орталығында ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – домбыра арқылы қазақ мәдениетін кеңінен насихаттау мен болашақта Ыстанбұлда кең ауқымды қазақ домбырасының оркестрін құру.
Абай атындағы орта мектепте үйірменің салтанатты ашылу рәсіміне Зейтінбұрны аудан әкімі Адем Услу қатысып, бастау алған игі шараның мән-маңызына тоқталып, жас өрендердің ұлттық өнерді асқақтата беруіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде Бас консул Н. Аманқұл: «Домбыра аспабы қайталанбас асыл дүние. Қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза-әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше», – деп атап өтті.
«ÖzgeEpic» арт қорының негізін қалаушы Мақпал Жұмабай: «қорымыз Ыстанбұлдағы қандастарымызға домбыра сыйлау идеясын ұсынып, міне, бүгін ол бастама тиісті домбыра үйірмелерінің ашылуына ұласып отыр. Домбыра сыйлау бастамасына үн қосқан «Балапан» телеарнасы бастаған ондаған ұйымдарға алғыс айтамыз» деп өз ойын ортаға салды.