Кенияның мемлекеттік сарайында Қазақстанның Кениядағы Елшісі (қоса атқарушы) Барлыбай Садықов Кения Президенті Уильям Самоэй Рутоға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі барысында Қазақстан Елшісі Астана екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға, соның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салаларындағы саяси диалог пен өзара іс-қимылды жандандыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат У. Рутоға елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды.
Сонымен қатар, Елші Кения басшысына Мемлекет басшысының Кения Тәуелсіздігінің 60 жылдығына, сондай-ақ екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына байланысты ресми құттықтауын жеткізді.
Өз кезегінде, У. Руто Қазақстан Республикасы Кенияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтіп, өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Кения басшысы 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуін жылы еске алып, қазақстандық тараптың екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылау үшін Кенияға Қазақстан Республикасының делегациясын жіберу жөніндегі жоспарларын қабыл алды. Ол сондай-ақ Қазақстан елшісін ресми ұлықтау рәсімімен құттықтап, Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуда табыс тіледі.
Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты дамытуға зор мән бере отырып, тұрақты резиденциясы Аддис-Абеба қаласында орналасқан Кениядағы Елшісін қоса атқарушы ретінде алғашқы рет тағайындады.
Кения бейбіт және көп векторлы сыртқы саясатты ұстанады, БҰҰ-ның африкалық Хабы және жалпыафрикалық экономикалық интеграцияның белсенді жақтаушысы болып табылады. Өзінің географиялық орналасуын пайдалана отырып, Кения өзінің порттық және құрлықтағы көлік инфрақұрылымын белсенді дамытып, Африкаға «теңіз қақпасы» қызметін атқарады.
Қазақстан мен Кения арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1993 жылы 15 қарашада орнатылған. Кения Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан Республикасының кандидатурасын қолдаған.
2022 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы тауар айналымы 42,5 млн АҚШ долларын құраған. Ал, 2023 жылдың 9 айында тауар айналымы 29 млн АҚШ долларына жетті. Кения Қазақстанның Африкадағы сауда серіктестерінің 10-дығына кіреді. 2023 жылғы 20 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында Қазақстан мен Кения Президенттерінің екіжақты кездесуі өтті. Мемлекет басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын жандандыру туралы уағдаласқан болатын.