Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі арасында екі мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен консулдық консультациялар өткізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстандық делегацияны ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, ал ресей делегацияны РФ СІМ Консулдық департаментінің директоры Алексей Климов басқарды.
Кездесу барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі елдің азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өзара әрекеттесудің мәселелері, консулдық-құқықтық саладағы екіжақты және көпжақты келісім-шарттар мен конвенциялардың орындалу мәселелері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер қарастырылды.
Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар консулдық қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде ниеттерін растады.
Кездесудің нәтижесінде тиісті Хаттамаға қол қойылды.