Испан университеттеріне Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Испания астанасында Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы әлеуетінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға Испанияның 30-дан астам жетекші университеттерінің ректорлары мен вице-ректорлары, Корольдік ректорлар конференциясының президенті (CRUE) және Испания Ғылым, инновация және университеттер министрлігі жанындағы Испанияның автономды интернационалдандыру қызметінің (SEPIE) өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Қазақстандағы университеттік білім беруді дамыту перспективалары және испан білім беру мекемелері үшін ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Қазақ дипломаты елімізде жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша оң тәжірибеге назар аударды.
Әлемнің үздік университеттерінде оқуға стипендия бөлетін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Бірқатар екіжақты кездесулер өтіп, оның қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен Испания арасындағы өзара іс-қимылды ұлғайтуға және әріптестік байланыстарды жандандыруға келісті.
Елшілік іс-шараны Испания университеттерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру аясында ұйымдастырды.