Ақтөбе облысының прокуратурасы интернет-алаяқтықпен күресті күшейтуде

1617
Фотосурет: Gov

Облыс прокуроры Марат Әбішевтің төрағалығымен алаяқтыққа, оның ішінде ғаламтор кеңістігіндегі алаяқтықпен күрес мәселелеріне арналған прокуратура алқасының отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасары, Полиция департаменті, Экономикалық тергеу департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік басқармасы және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.  

Облыс прокурорының орынбасары М.Тілеулиевпен, алдын алу шараларын күшейту мақсатында 2024 жылдың ақпан айынан бастап облыс прокуратурасы жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс жасайтыны, оның үйлестіруімен: 
- кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 3000-нан астам брошюралар таратылып, әлеуметтік желілерде 417 жарияланымдар орналастырылып, халықпен 563 кездесулер өткізіліп, 127 ақпараттық билбордтар ілінгені; 
- «дропперлік» әрекеттердің 2 фактісі анықталып, олардың бірі бойынша қылмыстық іс тергеп-тексерілуде болса, екіншісі сотқа жолданғаны; 
- «дроптардан» азаматтық тәртіппен 12 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алынғаны; 
- жалпы сомасы 181 млн теңгені құрайтын несиелерді өндіріп алу тоқтатылғаны; 
- 28 млн теңгенің рұқсатсыз шешілуіне жол берілмеді. 

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жазаның бұлтартпастығы қағидасына сәйкес сотқа 353 қылмыстық істер жолданып, нәтижесінде 91 адам, оның ішінде интернет-алаяқтық жасаған 16 адам сотталды. 

Сонымен қатар, облыс прокуроры қабылданған шаралардың жеткіліксіз екенін, себебі ағымдағы жылы өңірде жалпы қылмыс деңгейінің төмендеуіне қарамастан, бұл қылмыс түрлерінің өсімі байқалатынын атап өтті. 

Өңірде тіркелген барлық қылмыстардың үштен бірі – алаяқтық (жалпы саны – 1182, оның ішінде интернет-алаяқтық – 631, келтірілген залал – 2,4 млрд теңге). 

Алаяқтар азаматтарды тиімді несие мүмкіндіктерін ұсыну, мемлекеттен жеңілдік шарттармен баспана мен жер алуға уәде беру арқылы, банктер, маркетплейстер және өзге де онлайн платформалар арқылы алдап, ақшаларын жымқыруда. 

Профилактикалық жұмыстар олқылықтарымен қатар, М.Әбішев тергеу сапасын да сынға алып, облыстық Полиция департаментінің Киберполиция бөлімшелерінің кадрлық құрамын және материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту қажеттігін атап өтті.

Бас Прокурордың интернет-алаяқтықпен күресті күшейту жөніндегі соңғы Нұсқауын мүлтіксіз орындау маңыздылығы ерекше атап өтілді. 

Іс-шара соңында барлық уәкілетті органдарға халық арасында тұрақты және тиімді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Атап айтқанда, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктерде, вокзалдарда, әуежайда және басқа да халық көп шоғырланатын орындарда бейнероликтер көрсету, баннерлер орналастыру ұсынысы қолдау тапты. 

Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда қоғамдық ұйымдар мен танымал блогерлердің қатысуымен жүзеге асыру жоспарлауда. 
Жергілікті атқарушы органдарға бұл бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарына бюджеттен қаражат қарастыру ұсынылды. 

Алқада «Ақтөбе – алаяқсыз аумақ» жобасын бастау, бір мезгілде «Анти-Фейк» атты чат-ботты құру мәселесі пысықталды.

Алаяқтықпен күресу прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -