Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиевтің төрағалығымен Терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Үндістан бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға екі елдің сыртқы саяси министрліктері және мүдделі ведомстволарының өкілдері қатысты. Отырыс барысында қатысушылар аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлерді өзара бағалаумен алмасып, терроризмге, экстремизмге және радикалдануға қарсы күрестегі қазіргі сын-қатерлерді, соның ішінде есірткінің таралуы мен жаңа технологияларды қолданудан туындаған қатерлерді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты негізде және халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.